СҚО-да 21 жастағы жігіт саңырауқұлақтан уланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда саңырауқұлақ жеген жігіт улану белгілерімен көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына түсті.

улы саңырауқұлақ
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Емдеу мекемесінің мәліметінше, 21 жастағы ер адам іштің ауыруына, іштің ісінуіне, дене қызуының көтерілуіне, қалтырау мен әлсіздікке шағымданған. Сөзіне қарағанда, ол кешке саңырауқұлақ қосылған тамақ жеген. Таңертеңіне өзін нашар сезініп, емханаға барып, көмекке жүгінген. Дәрігерлер саңырауқұлақтан уланған деп күдіктеніп, оны бірден ауруханаға жіберді. 

Терапия бөлімшесінде жігіт бес күн емделді. Уақытында көрсетілген көмектің арқасында қазір сырқаттың жай-күйі жақсы. Емдеу курсынан өткен ол үйіне жіберілді.

Дәрігерлер «зиянсыз» саңырауқұлақтар да, әсіресе дұрыс пісірілмесе қауіпті болуы мүмкін екенін еске салады. Ұзақ уақыт тұрып қалса да тұтынбаған жөн. 

- Улану белгілері бірден пайда болмауы мүмкін. Әдетте іш ауырып, ісінеді. Жүрек айнып, құсады. Дене қызуы көтеріліп, қалтырайды және әлі құрып, бас айналуы мүмкін. Мұндайда өздігінен емделу қауіпті, - дейді дәрігерлер. 

Бұған дейін Түркістан облысындағы қоғамдық тамақтану орындарында улану жағдайлары жиілегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар