СҚО-да 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 1,1 млрд теңге қайтарылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бірыңғай есеп күні өтті. Мемлекеттік және бақылау-қадағалау органдарының өкілдері кәсіпкерлерге есеп берді. Дәстүрлі іс-шара бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын жақсартуды көздейді.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бесінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі жиынның негізгі мақсаты – қызметтерін қауіпсіз атқаруы үшін кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру.
Прокуратура өкілдері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстың нәтижесімен бөлісті.
«Облыс прокуратурасы жыл басынан бері бизнес өкілдерімен 13 кездесу өткізді, онда кәсіпкерлердің 55 мәселесі қаралды. Олардың көпшілігі өз шешімін тапты, қалғандары бақылауға алынды және олар бойынша жауапты мемлекеттік органдар бекітілді», - деп атап өтті облыс прокурорының аға көмекшісі Ғалымжан Қазыбек.
Тасқын кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер де прокурорлар мен палата заңгерлерінің үнемі назарында. Көктемде 200-ден астам бизнес субъектісі тасқыннан зардап шекті. Сондай-ақ, прокуратураның мобильді топтары жыл басынан бастап кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына қатысты 85 өтінішті тексерді.
«Оның ішінде 32-сі расталды, біреуі жалған болып шықты, 50-і бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. 39 қадағалау актісі енгізілді, 24 адам жауапқа тартылды, 29 заңсыз салықтық тексеру жойылды, кәсіпкерлерге 1,1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарлды. Осылайша 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды» - деді Ғалымжан Қазыбек.
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен бірге кәсіпкерлер палатасы Жамбыл ауданының «ТехСтрой – Темір» ЖШС кәсіпорнының мәселесін шешті. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі кәсіпкерге қызмет ақысын төлеуден бас тартқан. Төтенше жағдай кезінде кәсіпорын облыс орталығының аудандарын тасқынынан кейін пайда болған қоқыстардан тазартты. Алайда, кейін қалалық бөлім кәсіпкерге «қызмет құнын төмендетеміз» деп, шартты сұрап алған. Бұған кәсіпкер қарсылық білдірмеген.
«Өз міндеттемесін орындағаннан кейін «ТехСтрой – Темір» ЖШС қызмет ақысын алу үшін Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгінді. Бөлім өкілдері онымен шарт жасаспағанын, ал қоқысты кәсіпкер қайырымдылық негізде шығарғанын айтып, ақы төлеуден бас тартқан. Өтініш СҚО кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Нәтижесінде іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласып, мәселе оң шешілді», - деді СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Бұған дейін СҚО-да кәсіпкерлерді заңсыз тексерген салық органдарының басшылары жауапқа тартылғанын жазған едік.