СҚО-да 38,5 млн теңге көлемінде интернет-алаяқтыққа қатысы бар бес адам ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар бес күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласында полицейлер Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен прокуратураның үйлестіруімен 19 бен 24 жас аралығындағы бес тұрғынды қолға түсірді.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны халықаралық интернет-алаяқтық желісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топты құрған деген күдікке ілінді. Ол топ мүшелерінің – төрт адамның әрекетін үйлестіріп отырған.
Күдіктілер қылмыстық жолмен табылған қаражатты аудару және қолма-қол алу үшін банк шоттары мен төлем карталарын пайдаланатын адамдарды ұйымдастырған.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың еліміздің әр өңірінде, соның ішінде СҚО-да жасалған сегіз интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Бұл істер бойынша жалпы келтірілген материалдық шығын 38,5 млн теңгені құрайды.
– Олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі – интернет-алаяқтықпен күрес. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында тұр, – деді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлнұр Ахмедьяров.
Айта кетейік, СҚО-да жарты жылда мемлекеттік қызмет заңнамасын бұзудың 500-ге жуық фактісі анықталды.