СҚО-да 4 әлеуметтік нысан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енген
Петропавлда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай форум өтті. Облыстық департамент бір жыл ішінде атқарылған жұмысты қорытындылап, қоғам дертімен күреске белсене қатысып жүрген сала мамандарын марапаттады, деп хабарлайды Kazinform.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жақыпбековтың айтуынша, биыл 65 мемлекеттік мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді, оның нәтижесі бойынша олқылықтарды жоюға 467 ұсыныс берілді.

«Бизнеске жол» бағдарламасы аясында 28 мәселені шешіп, үш мыңнан астам кәсіпкердің жұмысын жалғастыруына сеп болған.
Антикоррдың араласуынан кейін бұған дейін кім көрінген пайдаланып келген мемлекеттік қордағы пәтерлер заңды түрде мұқтаждарға беріле бастады.

«Республика бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына өңірден 4 әлеуметтік нысан кірген. Олардың құрылысына 1,4 млрд теңге бөлінген. Нақтылай кетсем, Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында жабық хоккей корты салынып жатыр. Тимирязев ауданы Ақсуат және Степное ауылында екі мәдени-сауықтыру орталығының құрылысы жүруде. Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын, ал Петропавл қаласында жылыжай кешенінің құрылысын және оған қажет жабдықтардың алынуын бақылауға алдық. Ұрлыққа жол бермеу мақсатында жұртшылықтың қатысуымен құрылыс барысына мониторинг жүргізіледі», - дейді Асхат Жақыпбеков.

Департамент басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің міндеті - қылмыстық іс қозғауға дейін жеткізу емес, бюджет есебінен салынып жатқан нысандардың сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылуы маңызды.