СҚО-да 42 жастағы әйел өзін өртеп, ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының тұрғыны өзін өртеп жібермек болды. 

СҚО-да 42 жастағы әйел үстіне бензин құйып, өзін өртеді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ауыр күйік шалған әйелдің өмірі үшін қазір дәрігерлер күресіп жатыр. 

Оқиға 30 сәуір күні түнгі сағат 2:00 шамасында Астраханка ауылында болған. 1984 жылы туған әйел үстіне бензин құйып, өзін өртеп жібермекші болған. 

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, әйелдің денесінің 80-90% күйіп қалған. Жағдайы өте ауыр. Бірақ есін біледі. 

– Аққайың аудандық ауруханасынан санавиациямен Петропавл қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Әкелгеніне көп болған жоқ, қазір дәрігерлер тексеріп жатыр, - дейді баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева. 

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның мән-жайы анықталады, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 

ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Бұған дейін Қостанай облысында әйелі мен баласын өлтірген ер адам өмір бойына сотталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар