СҚО-да 450 қоқыс полигонының тек 11-інде ғана құжат бар
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін полигонның пайдалану мерзімі келесі жылы аяқталады. Қазіргі уақытта нысан 94% толған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қоршаған ортаға ең көп әсер ететін кәсіпорындардың жағдайы айтылды.
«Қызылжар Тазалық» ЖШС экологы Татьяна Ковтунның айтуынша, 2018 жылы Петропавлдағы қатты тұрмысиық қалдықтар полигоны «Қызылжар Тазалық» ЖШС қарамағына өтті. Мемлекеттің жарғылық капиталдағы үлесі - 49%.
Қазір нысанда қоқыс сұрыптау кешені бар, пластик, қағаз және картон, шыны, ағаш сияқты қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, шарт бойынша кәсіпорындарға жіберіледі.
«Петропавлдан күніне орта есеппен 150 тонна қоқыс шығарылады. Мұндағы мәселенің бірі - қалдықтардың өздігінен жиі жануы. Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін су, ауа, топырақ және өсімдік жамылғысының сынамалары алынып, өндірістік мониторинг жүргізіледі. 2023 жылға берілген ластаушы заттар шығарындыларының лимиті 2627,5 тонна болса, іс жүзінде атмосфералық ауаға 2281,5 тонна шығарылды.
Полигонның пайдалану мерзімі келесі жылы аяқталады. Жобалық қуатын толық пайдаланып, мұндағы қоқыс шамамен 1,5 млн тоннаға жетпек. Жоспар бойынша рекультивация жүргізіледі», - дейді Татьяна Ковтун.
СҚО бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Асхат Мапеновтың айтуынша, бүгінде СҚО-да қалдық төгетін 450 полигон бар. Алайда солардың тек 11-інің ғана тиісті рұқсат беру құжаттары бар.
«ҚР Үкіметі Қазақстан Республикасы қауіпсіздік кеңесі отырысының хаттамасына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигондарын салу және жұмыс істеп тұрғандарының қуатын кеңейту, сонымен қатар оларды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіру жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленді. Осы жоспарда «Қызылжар Тазалық» ЖШС полигонын рекультивациялау бойынша іс-шара көзделген, бұл жұмыс 2026 жылға жоспарланған.
Полигонда қалдықтардың өртенуі жиі тіркелетінін атап өткен жөн. Мәселен, осы жылдың өткен кезеңінде Петропавл қаласының төтенше жағдайлар басқармасы материалдарына сәйкес қалдықтар екі рет өртенді. Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша «Қызылжар Тазалық» ЖШС экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, заң бұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, нұсқама орындалды», - дейді Асхат Мапенов.
Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ескерткіш – ел тарихы» акциясы өткенін жазған едік.