СҚО-да 46 медициналық мекеме салынады
Солтүстік Қазақстан облысында 46 медициналық мекеме салынады. Бұл туралы аталған облыстың әкімі Гауез Нұрмұхамбетов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 48 пайызға ұлғайды. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме салу жоспарланған. Оның ішінде 8 нысанның құрылысы аяқталуда. Олар – 5 дәрігерлік амбулатория, 2 - фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 - медициналық пункт. Алдағы жылы қалған 38 нысанның құрылысы басталады», - деді өңір әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, бүгінгі күні Петропавл қаласында және аудан орталығында емхананың құрылысы жалғасуда. 2024 жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында 480 төсектік көпбейінді облыстық аурухана құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр.
«Санитарлық автокөлік паркі жаңартылуда. Аудандық ауруханаларға 14 санитарлық көлік берілді. Тағы 19 бірлік техника сатып алынбақ. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге 5,2 млрд теңге бөлінді. Аурухана инфрақұрылымына жаңару жүргізіліп жатқанына қарамастан тозу 77,5 пайызды құрайды», - деді ол.