СҚО-да 59 сынып қашықтан оқуға көшірілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өткен аптада 4,3 мың адам ЖРВИ-мен ауырды. Тұмау жұқтырғандар саны да артты.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің 18 623 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26% төмен. Сырқаттанғандардың 67% — 14 жасқа дейінгі балалар.
Қараша айының басынан облыста A/H3N2 типті тұмауды жұқтырудың 45 жағдайы анықталды, сырқаттанғандардың 73% — 33-і ересектер, қалғаны балалар.
Бұдан бөлек тұмауға жатпайтын риновирустардың — 9, аденовирустардың — 2 жағдайы тіркелді.
СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір мектептеріндегі 59 сыныпта 506 оқушының ауыруына байланысты қашықтан оқыту форматы енгізілді. Бұл шара білім алушылар арасында маусымдық вирустық жұқпалардың таралуына жол бермеуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша, сыныптағы балалардың 30% астамы ауырған жағдайда сынып онлайн форматқа ауыстырылады. Қазір Петропавлда қашықтан оқытудың ішінара форматы 8 мектепте, Айыртау ауданында осындай алдын алу шарасы бір мектепте жүзеге асырылған, мұнда 20 қарашадан 3 желтоқсанға дейін 19 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды.
Тимирязев ауданында қашықтан оқытуға 3 білім беру ұйымы көшті.
Естеріңізге салайық, СҚО-да жоғары дене қызуымен жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны екі есе артқанын жазған едік.