СҚО-да 600-ге жуық адам Pfizer вакцинасын алуға келіскен

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 4 550 жүкті әйелге, 12 мен 18 жас аралығындағы 20 050 жасөспірімге және 6 105 мың бала емізетін әйелге вакцина салу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО-дағы коронавирусқа қатысты жағдай және вакцинация барысы туралы брифинг өтті.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Құмар Күсемісовтің айтуынша, 2 574 бала коронавируспен ауырған. 2 410 бала тәуір болды. Қазір 200 бала күнделікті дәрігерлердің бақылауында. Олардың 30-ының жағдайы орташа, стационарда ем алып жатыр. Коронавирустан, өкінішке орай, бір бала қайтыс болды.

Пандемия басталғалы КВИ-ді 638 жүкті әйел жұқтырды. 128 жағдайда келіншектерді мерзімінен бұрын босандырып алуға тура келген. Олардың ішінде 65 сәби шала туды, үшеуі мерзімі өте кішкентай болғандықтан қайтыс болған. Бүгінде 16 әйел дәрігерлердің бақылауына алынған. Сондай-ақ жақында жүкті әйелдердің біреуінің жағдайы коронавирустан кейін төмендеп, көз жұмды. Оның өкпесі қабынған екен.

«Облыста балаларды, жүкті әйелдерді және бала емізетін әйелдерді вакцинациядан өткізу басталды. Шетелдерде балалар мен жасөспірімдер вакцинациясы қарқынды жүріп жатыр. Еуропа елдері мамыр айында екпе жұмыстарын бастап кетті. Pfizer компаниясының вакцинасын АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Біріккен Араб әмірліктері, Жапония қолданып жатыр. Мәселен, Сингапур жасөспірімдердің 80 %-ына екпе қойды. Жаңағы мен атап өткен елдер қазір 5 жастан 11 жасқа дейінгі балаларды вакцинациямен қамтуды ойластырып жатыр.

Вакцина қымбат, оны тасымалдап, сақтау көп қаражатты қажет етеді. Мемлекет бұл препаратты тегін қоюға мүмкіндік жасап отыр. Емханаларда вакцинация басталды. Қажеттілік болған жағдайда жасөспірімдерге мектептерде екпе жүргізіледі. Ешкімді мәжбүрлемейміз, тек қана жазбаша рұқсаттан кейін ғана вакцина егіледі. Қазіргі таңда 4550 жүкті әйелге, 12 мен 18 жас аралығындағы 20 050 жасөспірімге және 6 105 мың бала емізетін әйелге вакцина қою жоспарланған. Қажетті препарат сатып алынып, жеткізілді», - дейді Құмар Күсемісов.

Қазір мектептерде ата-аналар жиналыстары өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Ата-аналар тарапынан сұрақтар көп, қызығушылық білдіріп жатыр. Pfizer компаниясының препараты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар мен жүкті әйелдерге қоюға рұқсат берген жалғыз вакцина. Сондықтан қауіпсіз. Қазіргі уақытта облыстың ересек тұрғындарының 70 %-ы вакцинациядан өтті. Екпе алудан кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.

Қазір бізге балаларына шетелдерде вакцина қойғызған ата-аналар хабарласып жатыр. Олар балаларының вакцинация паспортын елімізде тіркемек. Бұл мәселе шешімін табады», - дейді Құмар Күсемісов.

Қазіргі мәлімет бойынша, Pfizer вакцинасын салдыруға 586 адам келісімін берген. Оның ішінде жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер бар. Кеше 56 адам вакцина алды.


Соңғы жаңалықтар