СҚО-да 63 ата-ана баласы үшін әкімшілік жазаға тартылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 63 ата-ана түнде бейсауат жүрген балалары үшін жауап беріп, әкімшілік жаза тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны мәресіне жетті. Республикалық акция 1 маусым күні басталды. Тәртіп сақшылары Білім басқармасының мамандарымен бірге 265 рейд өткізді. Нәтижесінде 400 жуық нысан тексерілді.
«Бірінші кезекте жаз маусымында ақша табу мақсатында жасөспірімдер арасында сұранысқа ие жазғы дәмханалар, базарлар мен сауда павильондары тексерілді. Жасөспірімдерге қатысты заңбұзушылық деректері анықталған жоқ. Кәсіпкерлермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға жасөспірімдерді жұмысқа алу тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ балаларға қатысты еңбек заңнамасын бұзған жағдайда қолданылатын жаза жайында айтылды», - дейді тәртіп сақшылары.
Мәселен, жасөспірімді оған істеуге болмайтын жұмысқа алған жағдайда жұмыс беруші 2 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Заң бойынша жасөспірім жұмыс істеуге құқылы. Бірақ оның 18 жасқа дейін түнде және ауыр күш қажет ететін жұмыста істеуіне тыйым салынған. Сондай-ақ атқарған жұмысы оқу процесіне әсер етпеуі керек. 14 жастан 16 жасқа дейін жасөспірім аптасына 24 сағатқа дейін, 16 жастан 18 жасқа дейін 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Еңбек келісімшартына ата-ананың біреуі қол қоюы қажет. Сондай-ақ ересектерді келісімшартқа қол қоюмен шектеліп қалмай, баланың жұмыс орнымен, жасалған жұмыс жағдайымен танысуға кеңес беремін», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Республикалық акция аясында тәртіп сақшылары «Түнгі қаладағы балалар» атты рейдтер ұйымдастырды. Көңіл көтеру орындары тексерілді. Бұл жерлерде жұмыс істеген бала анықталмаса да, өз бетімен демалуға келген жасөспірімдер табылды. Нәтижесінде, 63 ата-ана баласының түнде көшеде және көңіл көтеру орындарында жүргені үшін жауап берді.