СҚО-да 8 оқушы мен бес мұғалім коронавирус жұқтырды
СҚО білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Қызылжар аудандарында және Петропавлда 8 оқушы коронавирус жұқтырған.
Қауіпті инфекция 5 мұғалімнен анықталды. Олар - Тимирязев, Есіл, Айыртау аудандарының және Петропавл қаласының ұстаздары.
«КВИ-дің таралуына байланысты өңірдегі екі мектеп ІV тоқсанды қашықтан бастауы мүмкін. Қызылжар ауданындағы Вагулино орта мектебінде 11 наурыздан бастап шектеу шаралары енгізілді. Тоқсан басталғанша жағдай түзелмесе оқушылар білімді қашықтан алады. Ал екіншісі - М.Жұмабаев ауданындағы Медвежинское орта мектебі», - дейді Гүлмира Кәрімова.
Төрінші тоқсаннан бастап СҚО мектептері аралас оқу форматына көшеді.
Эпидемиологиялық ахуал үнемі назарда болмақ. Мұғалім немесе оқушы ауырған жағдайда оқу форматы өзгертіліп, сынып карантинге кетеді.
Ал мектептің бірнеше сыныбында ауру ошағы табылатын болса, білім ордасы қашықтан оқуға көшіріледі.
«Балалар арасында да, ұстаздар арасында да қазір ауырғандар аз. Оқушылар көбіне ересектерден, ата-аналары мен туыстарынан жұқтырады. Әрі қарай тарамауы үшін бірден шара қолданып, карантинге жібереміз. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр», - дейді СҚО білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова.