СҚО-да 9 мамыр қарсаңында жарақаттанып, ауруханаға түскен майдангер қайтыс болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Соғыс ардагері Василий Макиенко көшеде құлап, алған жарақаттарынан аяғына тұрмастан бүгін ауруханада қайтыс болды.

Соғыс ардагері Василий Макиенко
Фото: СҚО әкімдігі

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, майдангердің туған-туысына көңіл айтты. 

— Василий Васильевичтің өмір жолы — ерлік пен адал қызметтің жарқын үлгісі. Ол майданға он сегізге толмай жатып шақырылып, атқыштар полкінде, оның ішінде гвардиялық құрамда ауыр шайқастардан өтті. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталды. Соғыстан кейін бейбіт еңбекке белсене араласып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосты. Су шаруашылығы саласында еңбек етіп, техникалық жабдықтау өндірісі басқармасы бастығының орынбасары қызметін 13 жыл атқарды. Біздің ардагеріміз өмірге құштар, белсенді және салауатты өмір салтын ұстанған, жас ұрпаққа рухтың мықтылығы мен нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі болды. Өткен жылы ол өңір тұрғындарымен бірге Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан сәт барша солтүстікқазақстандық үшін ерекше әсерлі болды. Келесі жылы ол 100 жасқа толар еді. Василий Васильевичтің ерлігі мен еңбегі, жарқын бейнесі солтүстікқазақстандықтардың жадында мәңгі сақталады, — деп жазды облыс әкімі. 

Естеріңізге салайық, Петропавлда жасөспірім қағып құлатқан соғыс ардагері ауруханаға түскенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар