СҚО-да абайсызда басына шеге атылған ер адам аман қалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жөндеу жұмысын жүргізу барысында 51 жастағы ер адам жарақат алды.

Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың мәліметінше, рентгендік зерттеуден кейін пневматикалық пистолетпен атылған шегенің ер адамның құлағының маңына кіріп, мойын омыртқасы жанынан өткені белгілі болды.
Дәрігерлердің айтуынша, маңызды мүшелердің зақымдануына сәл ғана қалған екен.
Жақ-бет хирургтері шегені алып, тиісті ем-дом жасады. Кейін жараны тігіп, науқасты бірқатар ұсыныммен үйге жіберді.
— Мойын тұсынан жарақат алу аса қауіпті. Өйткені мойын арқылы ірі қан тамырлары, жүйке жүйесі, тыныс алу жолы және жұлын өтеді. Саймандармен жұмыс істегенде қауіпсіздің ережесін сақтаған жөн. Қорғаныш заттарын пайдаланып, жарақат алған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн, — дейді дәрігерлер.
Бұған дейін ШҚО-да қараусыз қалған 4 бала өз үйінде өртеніп кете жаздағанын жазған едік.