СҚО-да АИТВ жұқтырған аналар 44 баланы дүниеге әкелді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін әйелдер үшін ана болу арман ғана емес, шынайы мүмкіндікке айналды. Заманауи медицинаның жетістіктері мен дәрігерлердің кәсіби бақылауы арқасында дені сау баланың дүниеге келу ықтималдығы 99% дейін артып отыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталық директорының міндетін атқарушы Айман Сыздықова АИТВ-ның анадан балаға берілу жолдары мен оның алдын алу шаралары туралы айтып берді.
— Айман Кеңесқызы, АИТВ ауыратын әйел жүкті болып, дені сау бала туа ала ма?
— Бұл дерт ана болуға кедергі емес. Қазіргі уақытта жүктілік АИТВ-инфекциясының дамуын нашарлатады немесе жеделдетеді деген деректер жоқ. Сонымен қатар, АИТВ инфекциясы жүктіліктің қалыпты өтуіне және ұрықтың дамуына әсер етпейді. Негізгі қауіп — вирустың балаға берілуі. Алайда, дәрігерлердің бақылауымен және дұрыс терапиямен АИТВ-мен ауыратын әйелдердің дені сау бала тууға барлық мүмкіндігі бар.
— Вирус анадан балаға қалай берілуі мүмкін?
— Инфекция жүктілік кезінде де, босану кезінде де немесе емшек сүтімен емізу кезінде де балаға берілуі мүмкін, өйткені емшек сүтінде де вирус бар.
— Жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады?
— Антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдау маңызды рөл атқарады. Онсыз инфекцияның таралу ықтималдығы 50% жетеді. Дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдаған кезде қауіп айтарлықтай төмендейді, дені сау баланың тууы 99% құрайды. Клиникалық зерттеулер жүктілік кезінде антиретровирустық препараттардың қауіпсіздігін дәлелдеді — олар баланың өсуі мен дамуына әсер етпейді және жүктіліктің қалыпты өтуіне қауіп төндірмейді. Нақты емдеу режимін әрдайым дәрігер ананың денсаулық жағдайының басқа ерекшеліктерін ескере отырып таңдайды.
Егер сырқатта анықталмайтын вирустық жүктемеге қол жеткізілсе, әйел табиғи түрде босануы мүмкін. Егер бұл нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмаса немесе АРТ мүлдем жасалмаса, ең дұрысы — кесар тілігі арқылы босандыру. Бұл жағдайда нәресте босану каналынан өтпейді және ананың қанымен байланысқа түспейді, бұл инфекция қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Бала туғаннан кейін бірнеше ай бойы вирустың бар-жоғын білу үшін тексеріске үнемі қан алынады. Дерті бар әйел емізуден бас тартып, жасанды қоспаларға ауысу да маңызды қорғаныс факторы болып есептеледі.
Сонымен қатар, АИТВ мәртебесі бар аналардан туған барлық балаларға бірнеше апта бойы АРТ препараттары профилактикалық мақсатта тағайындалады.

— Өңірде АИТВ дерті бар аналардан қанша бала өмірге келді?
— Соңғы төрт жылда біздің облыста 44 бала дүниеге келді, АИТВ жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ.
— Жалпы өңірдегі АИТВ-ге қатысты эпидемиологиялық жағдай қандай?
— Қазір өңірде АИТВ-мен өмір сүретін 1400-ден астам адам есепте тұр. Осы жылдың 8 айында АИТВ жұқтырудың жаңа 72 жағдайы анықталды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңінен 14,3% аз.
АИТВ-инфекциясын жұқтырғандардың жас санатына тоқталсақ: 30-39 жастағылардың 27,8%, 40-49 жастағылардың 33,3% және 50-59 жас аралығындағылардың 23,6%); жынысы бойынша 59,7% — ерлер, 40,3% — әйелдер.
АИТВ-ны екі жолмен жұқтырған: парентеральды, яғни қан арқылы психоактивті заттарды инъекциялық жолмен беруден -13,9% және қалғанына инфекция жыныстық жолмен берілген.
– АИТВ талдауды өңірде қайда жасатуға болады?
— АИТВ тестілеу тұрғылықты жері бойынша емханаларда және облыстық АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталығында жүргізіледі. Талдау тегін және құпия түрде жасалады.
Бұдан бөлек байланыс орталығының сенім телефонына 8 (7152) 47-57-37 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Бұған дейін элиталық АИТВ контроллерлері деген кімдер екенін жазған едік.