СҚО-да әкімшілік құқық бұзу бойынша көрсетілім сот процестері өткізіліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында көлікке мас күйде отырған екі жүргізуші сотталып, процеске жасөспірімдер мен студенттер қатысты.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында көлікті мас күйде басқару фактілері бойынша істер қаралды.
Айыпталушылардың бірі, сондай-ақ, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған. Сот қаулысымен олар 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 және 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұған дейін Қызылжар аудандық сотында алимент төлеуден жалтарған борышкерге қатысты сот процесі өткізілді. Көрсетілім тәртібіндегі бұл іс бойынша борышкер 2 тәулікке қамауға алынды.
— Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша көрсетілім сот процестерін ұйымдастырудың маңызы зор. Негізгі мақсаты — жастар арасында құқықтық сана қалыптастыру, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайту және әкімшілік іс жүргізудің жариялылық, заңдылық қағидаттарын кеңінен таныту.
Жасөспірімдер мен студенттердің қатысуымен мұндай көрсетілім сот процестері апта сайын тұрақты түрде өткізіліп отырады, — дейді прокуратура өкілдері.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, осы жылдың алғашқы бес айында әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 4 220 іс қаралған, бұл өткен жылы осы кезеңде қаралған істерден жүзге артық. Қамауға алынғандар саны да артқан, биыл — 2 257, былтыр 1 766 адам қамалды. 1 794 адамға жалпы сомасы 314 млн теңгеден астам айыппұл салынған. 169 құқық бұзушыға ескерту жасалды.
— Соттарда қаралатын әкімшілік істердің басым бөлігі ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда мас күйде жүру, көлікті басқару ережесін бұзу, сот шешімдерін орындамау, қорғау ұйғарымдарын бұзу және отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, — дейді прокурорлар.
Бұған дейін СҚО-да биыл алимент бойынша тоғыз борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.