СҚО-да әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің 2 млн теңгесін заңсыз ұстап қалған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жұмысшылардың конституциялық құқығын қорғады.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, жүргізілген талдау аясында қадағалаушы орган жұмысшылардың еңбекақысынан әлеуметтік төлемдерді негізсіз ұстау фактісін анықтады.
Өрескел заң бұзушылық Тайынша ауданында тіркелді. Мұндағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының лауазымды тұлғалары Еңбек кодексінің 115-бабының талаптарына қайшы, ынталандыру ақыларын төлеу үшін 20 қызметкерден 2 млн теңге көлемінде еңбекақыны ұстап қалған.
- Олимпиадалық резервтегі дайындық орталығында, М.Жұмабаев ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және облыстық әкімдіктің Денсаулық сақтау басқармасында да дәл осындай жұмысшылардың құқығы бұзылғаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, заңсыз ұсталған сомалар қайтарылды. Осылайша қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 жұмысшының құқығы қорғалды, - делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, былтыр қадағалаушы орган 2,5 мыңға жуық жұмысшының конституциялық құқығын қорғады.
Бұған дейін СҚО-да 2 мыңға жуық жас мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмысшы мамандықтарда оқып жатқанын жазған едік.