СҚО-да алғаш рет ересектерге арналған сауықтыру лагері жұмыс істемек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл балалардың сауықтыру лагерінде ересектердің де демалуына мүмкіндік жасалмақ. Жасы 30-дан асқандар балалық шаққа саяхат жасайды.

«Ақ қайың» балалардың сауықтыру лагерінің директоры Елена Мироедованың айтуынша, ересектерге арналған 6 маусым 24 тамызға жоспарланған. Олар мұнда екі тәулікке жуық болып, демалысты қызықты өткізеді.

«Ересектерге 6-маусымды ашу туралы идеяны ата-аналар берді. Демалып жатқан балаларына келген сайын лагерьде бастарынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісіп, сол шақты қайтадан бастарынан өткізгілері келетіндіктерін айтты. Таңертең күнмен таласа оянып, түрлі іс-шараларға қатысуға да қарсы еместіктерін білдірді. Нәтижесінде осы жоба пайда болды.
Әлеуметтік желіден лагерьге барғысы келетін ересектердің көптігін байқадық, қазір өтініш қабылдап жатырмыз», - дейді Елена Мироедова.
Балалар лагері 170 адамды қабылдауға әзір. Жолдама құны 22 мың теңге.

«Балаларға арналған бағдарламадан айырмашылығы болмайды. Бес рет тамақтандырамыз. Тимбилдинг, түрлі флешмоб, «зарница» ойыны, тағы басқа көптеген іс-шара, соның ішінде алау басында ән айту және би кеші де бар. Бұған дейін 35+ деген шектеу қойып едік, сұраныстың көптігіне байланысты оны 30+ деп өзгертіп жатырмыз», - дейді Елена Мироедова.

Естеріңізге салайық, биыл СҚО Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» балалардың сауықтыру лагері тасқынға байланысты маусымды кеш бастап жатқанын жазған едік. Су астында қалған нысан толық жөндеуден өтті.