СҚО-да әлі 103 мың адам вакцина салдыруы керек – облыс әкімі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсынан 251388 адам өтті, әлі 103 мың екпе салдыруы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен отырыста вакцинация мәселесі де шет қалмады. Қазір облысты 100 екпе пункті және 55 жылжымалы бригада жұмыс істейді. Емханалар мен ауруханаларда арнайы мамандар жұмылдырылған. Алайда соңғы айда екпе алушылар саны азайып кеткендіктен, олардың жай тұрған күндері көп.

«Созылмалы аурулары барлар вакциналаудан өтуге асығар емес. Жоспар бойынша 75,6 мың адам екпе салдыруы тиіс. Оның тек 53,3 мыңы ғана вакцина қойдырған. Бұл адамдар қатер тобына жатады. КВИ-дан қайтыс болатындардың да басым бөлігі – осы санаттағы адамдар», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, 60 жастан асқандарға аурудың алдын алып, асқынуға жол бермеу үшін COVID-19-дан вакцина алу қажет. Облыста осындай 116 181 адам бар. Олардың 54 мыңға жуығы вакцинаның бірінші компонентін алды. Мүлде екпе алмағадар саны 62 мыңнан асады.

«Вакцинациядан өткендердің арасында коронавирусты жұқтырғандар бар, алайда олар барлық ауырғандардың 1,3 % ғана, яғни 3123 адам. Бұл адамдардың жартысына жуығында ауру белгілер болмаған. 55,2 %-ы – 1724 адам стационарларға жатқызылды. Олардың 89-ы ғана жансақтау бөлімшелеріне түсті. Ал енді салыстыру үшін айтар болсақ, биыл 1 ақпан мен 20 желтоқсан аралығында 11 082 вакцина алмаған адам стационарларда ем алды. Ал жансақтау бөлімшелерінде вакциналанбаған 1626 адам жатты», - дейді Нұрлан Айманов.

СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде әлі 103 мың адам вакциналаудан өтуі тиіс. Жалпы осы күнге дейін СҚО-да 251 388 адам толық курстан өтті.

«Бізде тұрғындар COVID-19-дан күнделікті қайтыс болып жатыр. Адам өз отбасында коронавируспен бетпе-бет келіп, жақынынан айырылғанда ғана уақытында тиісті шараларды қолға алу қажеттігін түсінеді. Қызмет бабына байланысты мен отбасында қауіпті инфекциядан туыстары қаза тапқандармен жиі кездесемін. Олар біз ақырын күттік, екпе алудан қорықтық деп айтады, ал жақындарынан айырылғанда уақытты өткізіп алғандарына, дер кезінде вакцина салдырмағандарына өкінеді. Біз оларға жеткілікті деңгейде түсіндіріп айта алмадық. Бүгін барлық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері келіп отыр, сіздерден екпе науқанын үлкен жауапкершілікпен өткізуді сұраймын. Сіздерге жергілікті атқарушы билік оны тиісті деңгейде техникалық жағынан ұйымдастыруға көмектеседі. Өкінішке қарай вакцинация бізде созылып кетті. Облыс, ел «қызыл» аймақтан «сарыға» өткенін және ауырғандар санының азайғанын көріп, халық арқаны кеңге салып, қауіп-қатерді ұмыта бастады. Алайда КВИ жұқтырғандар күнделікті өмірден өтіп жатыр. Сондықтан жұмысты жандандыру керек, әрі алда мереке келе жатқанын ұмытпаған жөн», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Бұған дейін соңғы бес айда COVID-19-дан 375 адамның ауырып көз жұмғанын айтқан едік.



Соңғы жаңалықтар