СҚО-да алименттен 2,7 млн теңге берешегі бар ер адам сотталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының 41 жастағы тұрғыны алимент бойынша 2,7 млн теңгеден астам берешегі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ашық сот отырысына алимент төлеуден жалтарып жүргендер шақырылды.

сот
Фото: СҚО соты

СҚО сотының мәліметінше, қылмыстық іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушы П.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 139-шы бабы «ата-ананың кәмелетке толмаған баласын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы» бойынша айып тағылды. 

П. өзінің алименттік міндеттемелері туралы білгенімен, төлем жасауға мүмкіндігі болғанымен, берешегінен құтылуға асықпаған. Сот бұйрығын орындау үшін ешқандай шара қолданбаған. 

Салдарынан сотталушының кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент бойынша қарызы 2 766 387 теңгеге жеткен. 

Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

П. кінәсін мойындады, айыптауға қарсы болмады, бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды өтінді.

Қылмыстың бұл түріне алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Сотталушы тұрғылықты жері бойынша теріс сипатталады, бұрын осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін рақымшылыққа байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған, бірақ одан сабақ алмаған, баланы күтіп-бағу жөніндегі міндеттен басқа, оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамайды, баламен байланысы жоқ, оның тағдыры мен денсаулығына қызығушылық танытпайды», — делінген соттың хабарламасында.

Сот П.-ні кінәлі деп танып, оны бір жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Ер адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Петропавл тұрғыны сот арқылы алаяқтық жолмен айрылған 1 млн теңгесін қайтарып алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар