СҚО-да алты тұрғын есірткі бизнесімен айналысып келген

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі әшкере болып, үй жағдайында жұмыс істеген 9 фито есірткі зертханасы жойылды.

наркотики
Фото: freepik

Олар елдің оңтүстігінен өсімдік тектес есірткі жеткізуді ұйымдастырған. Нәтижесінде 20 кг марихуана тәркіленді. Бұл туралы алғашқы бес айды қорытындылаған СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев айтты.

Осы аралықта 139 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39-ға көп. Оның ішінде 87 қылмыс анықталды, оның 66-сы сату фактілері, 5-і аса ірі көлемде сақтау, 3-і контрабанда, 2-і есірткіні насихаттау және 2-і ұйымдасқан қылмыстық топты құру фактілері.

Заңсыз айналымнан 40 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Олардың ішінде 3,5 келіден астам синтетикалық есірткі, 33 келі марихуана, 3 келі қарасора, сондай-ақ гашиш, каннабис шайыры және трамадол бар.

— Талдау барысында СҚО-ға синтетикалық есірткілер басқа өңірлерден, негізінен Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола және Павлодар облыстарынан «тасымалдаушылар» арқылы жеткізілетіні анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі жеткізудің 4 арнасы жабылды. Мысалы, осы жылдың 7 сәуірінде «Оңтүстік» бекетінде 26 жастағы ер адам басқарған «Daewoo Nexia» көлігі тоқтатылды. Тінту барысында шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі және 100 грамм каннабис шайыры тәркіленді. Күдікті ер адам республикалық интернет-дүкен үшін синтетикалық есірткі тасымалдап келген. Қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды, — дейді Асқар Мұхаметқалиев.

Бұған дейін БҚО-да есірткі заттарын таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар