СҚО-да ана өлімін жасыру фактісіне қатысты тексеріс аяқталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлердің ана өлімін жасыру фактісіне қатысты тәуелсіз комиссияның тексерісі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Петропавлдағы «Адалдық алаңында» медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті Большой Изюм елді мекенінің 35 жастағы тұрғыны Әйгерім Қазезованың өліміне қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысын жариялады.

Әйгерім Қазезова былтыр бесінші баласын дүниеге әкеліп, облыстық көпбейінді ауруханада көз жұмған.

Бірақ дәрігерлер оның өлімін тек бір айдан кейін, Тайынша аудандық ауруханасында қыркүйекте ғана тіркеген. Мәйітті туыстарына еш құжатсыз беріп, өздері аудандық ауруханада оны қағаз жүзінде тағы бір ай коронавирустан емдеген. Марқұмның «еміне» шамамен 2 млн теңге жұмсалыпты.

Тексеріс кезінде арнайы комиссия екі медициналық мекеменің 10-ға жуық қызметкерінің заңсыз әрекетін әшкереледі.

«Дәрігерлердің айтуынша, олар ана өлімін жасыру арқылы облыстық статистика көрсеткішін сақтап қалғысы келген. Ана өлімі фактісінің жасырылғанын анықтадық. Соған қоса, бірқатар кемшіліктерді анықтап, жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына және де дендаулық сақтау басқармасына бердік. Енді осы материалдар бойынша процессуалдық шешім қабылданады деп ойлаймын.

Облыстық ауруханаға тоқталатын болсақ, дәрігерлер ана өлімін жасырмақ болып, ұжымдық шешім қабылдаған. Қазір олар өз кінәларын толығымен мойындап отыр. Ал Тайынша аудандық аруханасының мамандары бас дәрігердің нұсқауымен жұмыс істегендігін айтты», - дейді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысы Дархан Тұрлыбеков.

Департамент басшысының айтуынша, әйелдің нақты неден қайтыс болғаны белгісіз, өйткені тиісті шаралар жүргізілмеген. Тергеу жалғасатын болады. Бұл факті бойынша барлық құжаттар прокуратураға, полиция департаментіне, денсаулық сақтау басқармасына, облыстық медициналық сақтандыру қорына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жолданды.

Жалпы былтыр өңірде Әйгерім Қазезованың жағдайын қоспағанда үш ана өлімі тіркелді.


Соңғы жаңалықтар