СҚО-да анонимнің көмегімен 70-тен астам есірткі бизнесінің жарнамасы жойылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік эксперимент жүргізді.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер актерлердің көмегіне жүгініп, көшеге «есірткі жасырушыларды» шығарды. Олар алдын ала дайындалған муляжды тықты немесе жасыпынған «есірткіні» іздеді.
- Мақсат халықтың әсерін байқау, әрбір адамның есірткіге және есірткі қылмысына қарсы күреске үлес қоса алатынын еске салу еді. Тәртіп сақшылары тұрғындардың әрекетіне назар аударып, кімнің болған жағдайды видеоға түсіргенін, полицияға хабарласқанын немесе жай ғана өтіп кеткенін белгіледі.
Орта есеппен әрбір бесінші петропавлдық полицияға жүгінді, олардың басым бөлігі жастар болды, - деді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетов.
Жыл басынан бері басқарманың сенім телефонына - 5, WhatsApp нөміріне 9 хабарлама түсті. «102» арнасына түскен ақпараттар бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды.
Руслан Үмбетовтың айтуынша, Петропавлда интернет бизнесімен жүйелі күрес жүргізіп жүрген анонимді қолданушы бар. Ол күн сайын дерлік полицейлерге есірткі сататын интернет-дүкендердің «жарнамалары» мен курьерлерді іздеу туралы хабарландырулардың сілтемелерін жолдайды. Осылайша, наурыз айынан бері оның көмегімен жастарды нашақорлық пен есірткі бизнесіне тартуы мүмкін 70-тен астам ресурс бұғатталды.
Бұған дейін СҚО-да түрмеге есірткіні дәретхана қағазы арқылы кіргізбек болған адамға қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.