СҚО-да антибиотиктерді орынсыз қолданудың салдары туралы айтылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстандағы БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының ұйымдастыруымен ветеринарларға арналған семинар-тренинг өтті.

Екі күндік іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың ветеринария қызметі өкілдері және өндірістің ветеринарлары қатысты.
— Қазір жұмыс істеп жатқан ветеринарлардың көпшілігі Кеңес заманында білім алғандар. Өмір бір орында тұрған жоқ. Нормативтер өзгеріп жатыр, биологиялық қауіпсіздік, антимикробтық резиденттік, жануарларды емдеуде жаңа әдістер, технологиялар туралы айтып, бағыт-бағдар беру мақсатымыз. Мысалы инфекцияның әрі қарай таралуын тоқтату үшін ауру ошағында қалай жұмыс істеу қажеттігін, жұқпалы ауру тараған аймаққа қалай кіру керек, жеке қорғаныш костюмін қалай дұрыс пайдаланған жөн, сынама қалай дұрыс алынады — біздің жоба аясында мұның бәрі айтылып, көрсетіледі, — дейді азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының ұлттық кеңесшісі Алмат Әубәкіров.
Мамандардың айтуынша, адам бойындағы инфекциялық аурулардың 60% жануарлар арқылы беріледі, ал ветеринарияда микробқа қарсы дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланбау бактерияның төзімділігіне, салдарынан індеттің күшеюіне әкеп соқтырады.
— СҚО — мал шаруашылығын дамытудан ел бойынша алда келеді. Сүт-тауарлы фермалары салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Шетелден көп мал әкелінеді. Статистикаға сүйенсек, соңғы он айда өңір 320 мың тоннадан астам сүт берген. Осындай ерен еңбек еш кетпеуі үшін ветеринарлармен антибиотиктерді дұрыс қолдануға қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Микробтарға қарсы препараттарға төзімділік жаһандық мәселе, СПИД, малярия сияқты аурулармен қатар тұрып, адамдарға қауіп төндірген.Бұл жоба биыл қолға алынды, жалпы үш жылға шақталған. Келесі жылы да ветеринарлық қызмет мамандарының біліктілігін арттыру бойынша жұмыс істейміз, — дейді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының жобалық үйлестірушісі Лейла Аңсабаева.
Семинар-тренингке қатысушылардың бірі — Сұңғат Қасенов он жылдан артық ветеринар болып еңбек етіп келеді.
— Антибиотиктерді көп мөлшерде, жиі қолдану салдарынан ағза оған үйреніп, керек кезінде нәтиже бермеуі мүмкін. Препарат өзінің тиімділігін жоғалтады. Сол себепті антибиотикті қолдансақ та, оны басқа түрлерімен кезектестіріп отыру қажет. Қазір мал аурулары көп, бұрын кезікпеген түрлері де пайда болып жатыр. Сондықтан антибиотиктен мүлде бас тарта алмаймыз. Аурудың алдын алған абзал, әрине, қазір түрлі вакциналар бар. Бірақ күтпеген жайттар болып тұрады. Семинар бізге керек, ветеринария саласында өзгеріс бар, жұмысбастылыққа салынып, кейде мән бермей жатамыз, — дейді «Редин В.Г.» шаруа қожалығының ветеринары Сұңғат Қасенов.
СҚО-да ветеринарларға арналған іс-шара Қызылжар, Мамлют, Аққайың және Тайынша аудандарында өтті.
Бұған дейін СҚО-да қай жерде шаңғы-конькиді жалға алып, тебуге болатынын жазған едік.