СҚО-да апалы-сіңлілі үш әйел 30 жыл құжатсыз тұрып келген

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы апалы-сіңлілі үш әйел 30 жыл бойы құжатсыз өмір сүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, апалы-сіңлілі Нұғымановалар Ресейдің Омбы облысында дүниеге келіпті. 1990 жылы қыздардың үлкені 6 жасқа толғанда ата-аналары Қазақстанға қоныс аударған. Ауылдық жерде тұрып келген олардың бұған дейін құжаттары да, оған қажеттілік те мүлде болмаған екен. Кейін мәселе туындай бастағаннан кейін ауыл тұрғындары «Жолда қабылдау» акциясы барысында СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевқа жүгінді.

Жеке куәлікті ресімдеуге туу туралы куәліктерінің жоғалуы, Ресей тарапынан қажетті жауаптың келмеуі себеп болған. СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ресейдегі ҚР елшілігі мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен байланысқа шығып, қыруар жұмыс атқарды. Нәтижесінде, біршама уақыттан соң олардың мәселелері шешімін тапты. Полицейлер Дариха, Кәмеш, Дәния Нұғымановаларға жеке куәліктерін алуға жолдама құжатын берді.

«Біздің мәселені шешуге көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне зор алғысымызды айтамыз. Менің ұлым да колледжге оқуға түсе алады. Мен СҚО Полиция департаментіне жүгінбегенде құжаттарымызды алмайтын едік», - дейді Дариха Сахаутдинова.

Полицейлер «Жолда қабылдау» акциясын замануи форматта өткізген жөн деп санайды.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халықты ақпараттандырудың тиімді құралы болып отыр. Біз осыны пайдаланып, азаматтардан өздерінің, қарт туыстарының құжаттарын ретке келтірулерін сұраймыз. Апалы-сіңлілі Нұғұмановалардың мәселесі өкінішке орай, бүгінгі күнде кездесіп жатады», – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.


Соңғы жаңалықтар