СҚО-да әскерге шақырылуы тиіс 14 мыңнан астам азамат бар
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысынан осы күзде әскер қатарына 510 азамат алынуы тиіс.

СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, әзірге шекара қызметінен ғана 25 адамға өкімхат түскен. Өңір жігіттері Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылында орналасқан шекара басқармасына аттанады. Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жүреді.
Көктемде жергілікті департамент бекітілген жоспарды орындай алмады. Облыстан 507 адам аттануы тиіс болса, соның 432-сі ғана азаматтық борышын атқаруға кетті.
Шекара қызметіне баруы керек 35 жігіттің тек 12-сі кетті, олар Күршімде борышын өтеп жатыр. Қарулы күштерге жоспарланған 225 адамның 161-і алынып, Қонаев, Ақтау, Семей, Аягөз қалаларына, Сарыөзек, Гвардейский елді мекендеріне аттанды. Мемлекеттік күзет қызметіне 6 адам алынды, Төтенше жағдайлар министрлігіне шақырылған 17 жігіт Алматыға кетті. Ұлттық ұланға 224 адамның орнына 236 жігіт алынып, қазір Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Тараз, Қостанай, Павлодар, Теміртауда әскери қызметті өткеріп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, СҚО-да әскерге шақырылуы тиіс 14 мыңнан астам жігіт бар. Жастардың әскерге баруға деген қызығушылығын арттыру мақсатында елімізде бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – борышын өтеп келгеннен кейін ақысыз негізде жоғары оқу орнына түсу. СҚО-да былтыр 24 жігіт осылайша оқуға түсті.
Бұған дейін елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталып, 22 мың жас Отан алдындағы борышын өтейтіндігін жазған едік.