СҚО-да асыл тұқымды малды жеке үй-жайларда өсіру ұсынылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыру шаралары қолға алынуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО-да асыл тұқымды малды жеке үй-жайларда өсіру ұсынылды

Өңір тұрғындарының 56 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Жергілікті билік мал шаруашылығын дамытса, ауыл тұрғындары тәулік бойы жұмыспен қамтылып, облыс бойынша өндіріс және ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты артатындығына сенімді. Облыстағы ірі қара мал басы қазіргі уақытта 441 мыңды құрайды, олардың 60% жеке үй-жайларда. Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл саланың дамуын тежеп, ауылшаруашылығы жануарларының өнімділігіне ықпал етіп тұрған факторлардың бірі деп есептейді. Мәселен, жеке шаруашылықтардан қабылданатын ірі қара мал етінің салмағы 320 килограмға тең, ал аграрлық құрылымдардан келетін ірі қара мал етінің салмағы - 400 кг. Жеке меншіктегі сауынды сиыр сүті орта есеппен 3 мың килограмды құраса, ауылшаруашылығы кәсіпорындарында бұл көрсеткіш 29%-ке жоғары.

Өңірде жеке үй-жайлардағы жануарлардың өнімділігін арттыру және олардың тұқымдарын түрлендіру бойынша белсенді жұмыс атқарылып келеді.

«24 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара малдан тұратын 40 асыл тұқымды репродукторлар жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын шамамен 3 мыңға жуық асыл тұқымды мал төлі алынады, бұл өңірдің қажеттілігін толықтай жаба алады», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров.

Ол сондай-ақ, селекциялық және мал тұқымын асылдандыру бойынша, қоғамдық табындарда асыл тұқымды бұқа ұстау және тағы басқа жұмыстарға мемлекет тарапынан субсидия төлеу түріндегі қолдау шаралары қарастырылғандығын айтты. Жергілікті билік 2020 жылға дейін жеке үй-жайлардағы ет өнімдерінің көлемін 6 мың тоннаға, сүтті - 45 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Жыл басынан бергі көрсеткіш бойынша СҚО-дағы мал шаруашылығы саласындағы өнім шығару көлемі 11%-ті құрады, ауылшаруашылығы жануарлары санының өсімі - 3%.