СҚО-да ауыл шаруашылығы санағы кезінде 92 мыңнан астам нысан қамтылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы санағының негізгі кезеңі басталғанға дейін мамандар 1-30 маусым аралығында 4 қалада жеке қосалқы шаруашылықтарын алдын ала аралап шықпақ.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департамент басшысы Жорабек Дәуренов брифинг барысында айтты. «Листинг» деп аталатын бұл кезең Булаев, Сергеевка, Мамлютка және Тайынша қалаларын қамтиды. Санақ қызметкерлері сауалнамадан өтуге жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Бұл жұмыс барысында мекенжай бойынша тұрғындардың шынымен тұратынын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетінін растау үшін жүргізіледі.
Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ол онлайн және офлайн жүзеге асады.
Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Ауыл шаруашылығы санағына кімдер қатысады, біріншіден, бұл — мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер.
— Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және/немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары. Ашып айтқанда, бұл бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер, — дейді Жорабек Дәуренов.
Санақтан онлайн түрде өту ыңғайлы болу үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.
Ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралайды. Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқандарға заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік бар.
Санақ жүргізу үшін біз жұмыссыз азаматтар мен студенттерді, сондай-ақ барлық ниет білдірген азаматтарды — 180 жуық адамды интервьюер ретінде және 43 нұсқаушыны жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, олар үшін арнайы оқу жүргізіледі.
— Қазіргі уақытта қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатыр. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына өтініш қалдыра алады, — дейді департамент басшысы.
СҚО бойынша барлығы 86 мыңға жуық үй шаруашылығын және 6,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған.
Бұған дейін ауыл шаруашылығы санағын өткізуге 3,7 млрд теңге қаржы жұмсалатынын жазған едік.