СҚО-да ауыл тұрғыны мамонттың сүйектерін тапты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Арықбалық ауылының тұрғыны Александр Колесниченко ерекше жәдігерді балық аулауға барғанда тапқан.

— Ауылдың маңында өзен бар, ол өзен тармақтанып кетеді. Қарасам жар құлаған екен, су шайған ғой. Сол құлаған жерден ағарған затты көрдім. Қазып едім, сүйек екен.
Бірақ, ондай сүйек мен білетін еш жануарда жоқ, Өте үлкен болды. Әрі қарай қазып, бас сүйекті шығардым. Өзіммен күрек те алмап едім, жері құмды екен, сусып, қолмен оңай қазылды. Кейін жануардың қабырғалары және жоғары жақ сүйегі табылды, — дейді ауыл тұрғыны.

Александр Колесниченко көне сүйектер қандай жануарға тән екенін білу үшін фотоға түсіріп, интернеттен қарайды.
— Шынында да, бұл мамонттың жоғары жақ сүйегі екен. Мұндай ірі болады деп ойламаппын.
Азуы да топырақтан шығып тұрды, бірақ ол өте нашар сақталған екен, құм болып үгітіліп жатыр.
Кеше барып қарап едім, жар тағы да құлапты. Меніңше, ол жерде мамандар қазба жұмысын жүргізуі керек, — дейді Александр Колесниченко.

Енді ол тапқан жәдігерлерді жергілікті музей «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына табыс етпек.
Мекеме директоры Сабина Әмірованың айтуынша, Айыртау өңірінде ежелгі жануарлардың сүйектері жиі кездеседі. Соңғы рет тұрғындар мамонт төлінің қалдығын және мүйізтұмсық сүйегін әкеліп тапсырған екен.
Естеріңізге салайық, бұған дейін СҚО-да алып мамонттың сүйегі табылғанын жазған едік.
Ақмола облысында да мамонт қалдықтары табылды.