СҚО-да ауылға баратын дәрігерлерге 5 млн теңге көтермеақы беріледі

Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлердің жетіспеушілігін жою мақсатында бір реттік көтермеақы мөлшері тағы да өсірілді. Енді ауылға баратын белгілі бір саланың дәрігеріне - 5 млн, қалада қалатын болса 3,5 млн теңге төленбек, деп хабарлайды Kazinform.

доктор
Фото: Pexels

СҚО әкімдігінің отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов кадр жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды.

Бүгінде өңірде 144 дәрігердің орны бос тұр, Петропавлға 71, ауылдарға 73 маман керек.

«16 - жалпы практика дәрігері, 13 – акушер-гинеколог, 9 – хирург, 6 – офтальмолог, 7 – отоларинголог, 10 – педиатр, 7 – терапевт, 11 – кардиолог қажет.
Маман жетіспеуінің негізгі себептеріне келер болсақ: мамандар басқа жаққа қоныс аударған, зейнетке шықты, жеке секторға ауысты», - дейді басқарма басшысы.

Облысқа кадр тартудың бірден-бір жолы – көтермеақы төлеу. Былтыр өңірге 280 дәрігер келді, оның – 185-і қалада қалса, 95-і ауылға барып жұмысқа орналасқан.

Келгендердің 156-сы жас маман. Солардың 167-сіне 314 млн теңге көтермеақы берілген.

«Қазан айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында дәрігерлер үшін берілетін көтермеақы мөлшері өсірілді. Енді жалпы практика дәрігері Петропавлға келсе 1 млн, ауылға барса 1,5 млн теңге алады, тар бейінді мамандар қалада қалса 3,5, ауылға барса 5 млн теңге көтермеақы алмақ. Биыл көтерме жәрдемақы төлеуге бюджеттен 250 млн теңге бөлінді», - дейді Құмар Күсемісов.

Қазіргі уақытта СҚО-да 1 471 дәрігер және 5 032 орта медицина қызметкері бар. 

Соңғы жаңалықтар