СҚО-да аумағын уақтылы тазартпағандарға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру ережелерін бұзғандарға 4 мыңнан астам ескерту жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ескертуді елемегендерге айыппұл салынды. Нәтижесінде 71 адам жалпы сомасы 2 млн теңгеден асатын айыппұл төледі. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ең көп заң бұзушылықтар аумақтарды уақтылы тазаламауға қатысты болды. Көшелерді, алаңдарды, жолдарды және қоғамдық демалыс аймақтарын ластау абаттандыру ережесін бұзу болып есептеледі. Аумағын қардан тазарту бойынша ұйғарымдарды елемегендерге де жауапкершілік бергіленген.
Соңғы уақытта абаттандыру тәртібін тек учаскелік полицейлер ғана емес, сондай-ақ қала тұрғындары да қадағалайтын болған. Соңғы аптада бірнеше қоқыс үйіндісін байқаған петропавлдықтар оны әлеуметтік желіде жариялап, дабыл қақты. Қолданушылардың бірі Instagram желісінде зират маңында шашылып жатқан қоқысты суретке түсіріп, бөліскен. Бұл дерек бойынша полицейлер бірден шұғыл шара қабылдады. Қоқысты тастаған саяжайдағылар өздері болып шықты, оларға қатысты әкімшілік ықпал ету шарасы қолданылды.
Әлеуметтік желі арқылы анықталған басқа да деректер бойынша кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жұмысшы кентіндегі үйілген қоқыс үшін, осы учаскедегі қоқысты шығаруға жауапты ұйымның басшысына жазаланды. Айыппұл сомасы - 40 мың теңгеден асады.
«Учаскелік полиция инспекторлары ауланы тексеріп, халықпен профилактикалық жұмыс жүргізеді. ПИК төрағаларына белгіленген аумағын уақтылы тазалау қажеттігі түсіндіріледі. Қоқыс үйіндісі үшін қоқыс тасымалдайтын кәсіпорындардың басшылары да жауапты. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 4 623 адам тартылды, оның ішінде 71 құқық бұзушыға айыппұл салынды», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

