СҚО-да ай басталғалы бес мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирусты инфекция жұқтырғандардың 69,8% - 14 жасқа дейінгі балалар.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада облыста ЖРВИ-ді жұқтырудың 2340 жағдайы тіркелді.
- ЖРВИ, тұмаумен күрестің тиімді жолы – вакцинация. Облыста 23 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. Тәуекел тобына жататын адамдар үшін ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.
Медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, сәбилер, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштері бар адамдар тіркелген жері бойынша емханада тегін екпе алады, - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Бүгінгі таңда тәуекел тобына жататын адамдардың 32 мыңына, соның ішінде 4013 балаға екпе егілді.
- ЖРВИ-ға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Оның негізгі белгілері - жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, тамақ ауруы, мұрын бітелуі. Алғашқы белгілері байқалған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну қажет, дәрігерді үйге шақыру керек, ауруды таратпау үшін науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Ауру дұрыс емделмей асқынған жағдайда өкпенің қабынуына әкелуі мүмкін, - дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін бөлмені күн сайын желдету, қолды мұқият жуу, антисептик құралдарды пайдалану, адамдар көп жиналатын іс-шаралардан бас тарту не бетперде тағу керек. Сондай-ақ иммунитетті нығайтып, уақытында ұйықтап, дұрыс тамақтанған жөн.
Бұған дейін Алматыда ЖРВИ жұқтырғандардың саны 20 мыңға жақындағанын жазған едік.