16:12, 29 Маусым 2016 | GMT +5
СҚО-да әйелдер колониясының қызметкерлері жетім балалар үшін қайырымдылық акциясын өткізді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ЕС-164/6 әйелдер колониясының қызметкерлері облыстық мектеп-интернаттағы жетім балалар үшін қайырымдылық акциясын өткізіп, жазғы сауықтыру лагеріне сапар ұйымдастырды. Бұл жөнінде осы аймақтың облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті хабарлады.

«Қазіргі уақытта балаларға арналған «Золотая осень» жазғы сауықтыру лагерінде 100-ден астам бала демалуда. Бұл лагерь Петропавл қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар демалуда. СҚО ҚАЖ мекемесінің қызметкерлері оларға үнемі көңіл бөліп, көмек көрсетеді», - деді ЕС-164/6 мекемесінің қызметкері Тамара Прокофьева.
Лагерьдегі тәлімгерлермен және мектеп-интернатының тәрбиешілерімен бірге «Полиция - қауіпсіздікті қорғауда» конкурсы ұйымдастырылды. Акция соңында ҚАЖ қызметкерлері балаларға футбол, волейбол доптары, секіртпе, қолғаптар сияқты түрлі спорттық құрал-жабдықтарды тарту етті.