СҚО-да әйелдің басқаруындағы көліктен 80 келі есірткі табылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан өңірінің құқыққорғаушылары «Жезқазған-Петропавл» трассасында әйел адамның көлігінен 80 келі есірткі тапты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да әйелдің басқаруындағы көліктен 80 келі есірткі табылды

«21 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысының есірткіге қарсы күрес полициясы «Жезқазған-Петропавл» тас жолында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Оның барысында құқыққорғаушылар азаматша Т.-ның басқаруындағы, салонында жолаушы – азамат Т. отырған «NISSAN» маркалы автокөлігін тоқтатты. Автокөлікті тексеру барысында, багаж бөлімінде салмағы 80 келіден асатын марихуана салынған 4 полиэтилен қап және салмағы 88 грамдық гашиш салынған 4 орама табылып, алынды», - делінген департаменттің хабарламасында.

Ұсталған азамат Т. танысына (рөлдегі әйелге) Солтүстік Қазақстан облысынан бірнеше сөмкені өз үйіне апаруға көмектесуді сұрағанын айтып отыр.

«Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына қамалды», - делінген хабарламада.