СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында кей мектептер мен балабақшаларда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер жоғары бағаға алынып келген.

Продукты питания рынок фрукты овощи Азық-түлік нарық жемістер көкөністер
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұл - СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары сала бойынша тексеріс жүргізгенде белгілі болды. 

«Өңірдегі білім беру мекемелерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сатып алу құны орташа республикалық көрсеткішке дейін төмендеді. 454 мектептің шығыны азайды, 458 мектепке дейінгі мекемеде 17 мың ата-ананың ақшасы үнемделді», - дейді департаменттің басшысы Бақытжан Абулхаиров.

Департаменттің бастамасымен белгіленген тауарлық үстемеден жоғары баға қойған 15 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде ұн, күріш, сары май, өсімдік майы, тұз, қарақұмық, айран, тауық жұмыртқасының орташа нарықтық бағасы 17%-тен 30% төмендетілді.

Бұдан бөлек инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтау мақсатында департамент Ұлттық жобаларды іске асыруға талдау жүргізді, оған облыс бойынша 27 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 1,3 млрд теңге негізсіз шығын деп есептеліп, желге ұшуына жол берілмеді.

Бұған дейін риптовалюта айырбастау пунктін заңсыз құрып, табыс тауып келгендердің ісін әшкерелегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар