СҚО-да балалар этноауылдарда демалады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалар ерекше лагерьлерде демалады. Ұлттық салт-дәстүрді насихаттаған этноауылдар әзірге екі аудан орталығында ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балалардың демалысына арналған этнолагерь - Қызылжар өңірінің бірегей жобасы. Үш жыл бұрын алғаш рет Жамбыл ауданында іске қосылған этноауыл енді өңірдің басқа елді мекендерінде де ашылып жатыр.

«Әдеттегі лагерь корпустарының орнына балалар ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде демалады. Мұнда ұлттық ойындар ойнатылады. Алтыбақан да құрылды. Әжелер қыздарға нан илеп, бауырсақ пісіруді үйретсе, ұлдар ағаш жоңқалап, самауыр қоюды меңгереді. Балалар демалыс барысында ұлттық дәстүрлермен танысып, оларға кей рәсімдер көрсетіледі», - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Шағын этноауылда балалар жылқыны күтіп баптаудың қыр-сырына қанығады, ерттеп мінуді үйренеді. Жалпы демалып жатқан балаларды жалықтырмау үшін әр күннің өзіндік бағдарламасы бар.

Мәселен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка елді мекенінде «Туған өлке» этнолингвистикалық лагері №1 орта мектептің жанынан ашылды. Бес күн жұмыс істейтін этноауыл шамамен 1,5 мыңнан артық баланы қамтымақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, салтанатты ашылуына орай концерттік бағдарлама қойылып, балалар арасында ұлттық спорттық ойындар ойнатылды. Ал түскі аста демалушылар ұлттық тағамдардан дәм татты.

Бұған дейін СҚО-да биыл 20 мыңнан астам баланың жазғы сауықтыру лагерімен қамтылатынын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар