СҚО-да балалар лагерьлерінің екеуі ғана рұқсат құжатын алған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 10 маусымнан бастап балалардың жазғы сауықтыру лагерьлері ашылып жатыр. Әзірге 15 демалыс орталығының тек екеуі ғана санитариялық қызметтің рұқсатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, өңірде жазғы сауықтыру лагерлерінің ашылуы 10-17 маусым аралығына жоспарланған. Биыл 15 лагерьдің 12-сі ғана балаларды қабылдамақ. Мұнда 10-14 күндік 5 ауысым жұмыс істейді.

«Жұмысты бастауға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін 7 демалыс лагерінен өтінім түсті. Олардың екеуі – Шал ақын ауданындағы және Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» рұқсат құжатын алды. Қалған бесеуі бойынша жұмыс жасалып жатыр. Үш сауықтыру лагері биыл балаларды қабылдамайды, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның «Солнышко» лагері апаттық жағдайда деп танылды», - дейді Татьяна Горлова.

Биыл өңірдегі жазғы сауықтыру лагерьлерін күрделі және ағымдағы жөндеуге 94 млн теңге бөлінген.

«Лагерьлерге қойылатын бірқатар талап бар. Соның негізгісі суға қатысты. Ішетін ауыз су ғана емес, сондай-ақ ыстық-суық су жуынатын орынға, медициналық, ас әзірлейтін бөлмеге келіп тұруы тиіс.

Нысан жұмысқа кіріспес бұрын ондағы үйлер қалыпқа келтіріліп, барлық жүйе зарарсыздандырылуы қажет. Лагерь айналасы тазартылып, жәндіктерге қарсы дезинсекция жүргізілуі тиіс.

Ауа райы 5 күн қатарынан +16 градустан жоғары болғанда ғана жылытылмайтын нысандар балаларды қабылдай алады», - дейді департамент басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар