СҚО-да балалар үйінің тәрбиешісі түрлі материалдан мүсіндер жасайды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Суретші, мүсінші, балалар театр студиясының қоюшы-режиссері. Десек те, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғыны Александр Антоновтың негізгі қызметі – тәрбиеші. Балаларды қолдау орталығында еңбек ететін ұстаз бар білгенін оқушыларына үйретіп жүр.

- Өзіңізді таныстырып кетіңізші…
- Айыртау ауданы қазіргі Сырымбет ауылында дүниеге келгенмін. Қазір жасым 60-та. Кішкентайымнан суретті жақсы салдым, сол себепті болашағымды да шығармашылықпен байланыстырғым келді. Алайда әке-шешем, «ең алдымен маңызды мамандық алып шық, кейін қайда оқимын десең де өз еркің» деп, рұқсат бермеді. Осылайша Қорған машина жасау институтына, танкі құрастырушы мамандығына оқуға түстім. Бірақ үш курсын оқып тастап кеттім. Кейін әскерге бардым.

Тоқсаныншы жылдар өмірімді күрт өзгертті. Жоқшылық, еңбекақыны уақтылы төлемейді. Анам жергілікті балалар үйінде 42 жыл еңбек етті. Бірде мені балалар үйіне жұмысқа шақырды, өйткені мекемеде еңбекақыны үзбей беретін. Көпке дейін келіспедім, өйткені анам сонда жұмыс істегендіктен балалар үйінің не екенін жақсы білем.
Жоқшылық жеңді. Анам бір жыл жұмыс істе, кейін саудаңа барарсың деген еді. Балалар үйінде еңбек еткеніме биыл 26 жыл болыпты.

- Сізге қайсы жаныңызға жақын – ұстаздық пе, әлде шығармашылық па?
- Ол екеуін бөле алмаймын. Қолынан ештеңе келмейтін адам ұстаз бола алмайды. Дұрыс тәрбие болашақтың негізі. Сол себепті балабақша тәрбиешілерінде ең жоғары еңбекақы болуы тиіс деп есептеймін.
- Шығармашылығыңыз неден басталды?
- Шынымды айтсам, есімде жоқ. Маған бәрі қызық. Балалармен бірге мен де үнемі білімге құштармын.
- Қолыңыздан келмейтін дүние бар ма?
- Бір нәрсені бастасам, соны аяқтағанша дейін тоқтай алмаймын. Ал, жалпы мақтанғаным емес, үйдің жобасын сызып, өзім толық салып шыға аламын. Көлігім бар, Ауди А8, соны өзім жөндей беремін.

- Қандай материалмен жұмыс істеген ұнайды?
- Бұрын көп сурет салатынмын. Қардан түрлі пішіндер істеймін. Жаңадан келген директор менің осы дүниелерімді көріп, «бетонмен жұмыс істей аласың ба» деді. Маған жаңа материалды игеру қызық болды, «істеп көрейін» дедім. Нәтижесінде балалар үйінің алдында «Алтын адам», жылқылар, басқа да мүсіндер пайда болды. Кейін ауылдық округтер үшін түрлі мүсіндер жасадым.
Әйелім интернетте гирляндамен безендірілген жаңажылдық мүсіндерді көріп, істеп берші деп өтінді. Бұғыны шанасымен және Аяз атаны, міне жақында ғана істеп болдым. Бұл техникамен де жұмыс істеу қызық болды. Оны жасауға «роса» атты гирлянданы қолдандым. Шамамен 500 метр ұзындығы. Ол сымнан жасалғандықтан тез үзіледі, абайламасаң барлық жұмысың еш кетуі мүмкін.
- Қардан мүсін жасау қаншалықты қиын?
- Барлығы тәжірибемен келеді ғой. Мұндай мүсіндер сулы қардан жасалынады. Бетонмен технологиясы бір. Бұрын резеңке қолғаптар болмайтын. Сондықтан аязда жалаң қол істеуге тура келетін. Екі-үш минут жұмыс істеймін де, қолымды ыстық суға малып жылытып аламын. Ал қалғаны қиын емес.

Биыл да балалар үшін мекемеміздің жанына Аяз ата мен Ақшақардың қардан мүсінін жасап қойдым. Оның қасына аққала мен чебурашканы балалардың өтініштері бойынша орналастырдым.
- Балалар үйіндегі «Волшебная рампа» театралдық студиясы сіздің жетекшілігіңізбен бірнеше спектакль қойған екен. Бұл студия қашаннан жұмыс істейді?
- Менің міндетім балаларға патриоттық тәрбие беру. Жеңіс күніне дайындық барысында неге соғыс жылдарындағы әндер мен өлеңдерді қойылым арқылы көрсетпеске деген ой келді. Кейін жаңажылдық ғажайыпқа толы спектакльді қойдық. Балалардың қызығушылығы жоғары болғандықтан бұл жұмысты тоқтатпадым. Ең үлкен спектакльді «отбасыммен» қойдық. Менің отбасымда 24 адам бар, осы балаларыммен «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты қойылымды сахналадық, оған майданнан келген хаттар негізге алынды. Спектакль барысында өте көп өлең оқылды, әндер айтылды.
Қазіргі балалар басқаша, қиындықтан қашып тұрады. Әрі балалар есейіп, бірі келіп, бірі кетіп жатады, яғни өз қиындықтары бар. Сондықтан, спектакльдеріміз бұрынғыдай жиі шықпайды.
- Бірнеше спектакльді көрдім, балалар қызығушылықпен ойнады. Олардың арасында кейін болашағын актерлікпен, өнермен байланыстырғандар бар ма?

- Нина Кравцова деген қызымыз болды, музыкаға жақын, өте икемі бар еді. Өздігінен күйсандықты, гитараны меңгеріп алды, дарыны бар. Қазір ол Америкада тұрады. Хат-хабар алысып тұрамыз. Бірақ өнерде жолы болмады. Тағы бір оқушым болды, ол да талантты, бірақ кейде ол жеткіліксіз, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс істеу керек, қиындықтан қашпау қажет. Біз оны ресейлік «Сен – супер» бағдарламасына да жібермек болдық. Жарты жылға жуық дайындадық, бірақ жеме-жемге келгенде қорқып, бармай қойды.
- Мұның бәрін не үшін істейсіз?
- Менің екі ұлымның мүгедектігі бар. Өкінішке орай, бар білгенімді мен оларға бере алмаймын. Сондықтан да, оқушыларымды үйреткім келеді. Бұл өмірде өз жолдарын тауып, отбасын құрып, адал еңбек етсе, ұмытпай, келіп, жаңалықтарымен бөліссе – ұстаз үшін одан артық бақыт жоқ.
Бұған дейін жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тігіп жүрген СҚО тұрғыны жайында жазған едік.