СҚО-да балаларға арналған екі оңалту орталығы ашылады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталықтың біреуі Петропавлда пайдалануға беріледі.
Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің мәліметінше, нысан Петропавлдағы бұрынғы № 2 коррекциялық мектеп ғимаратында ашылады. Қазіргі уақытта мұнда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Орталық менталдық ауытқуы бар балаларды оңалтуға толық бейімделеді. Осы мақсатқа 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл жерде әртүрлі бағыттағы мамандар жұмыс істеп, балаларды барлық қажетті терапия түрлерімен қамтиды. Жыл сайын шамамен 500 балаға оңалту қызметі көрсетілмек.

— Облыс орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы орталық ашу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Ата-аналар балаларының өзге өңірлерге бармай-ақ, қажетті көмекті өзімізде алуына мүмкіндік жасау туралы өтініш білдірген болатын. Бүгінде өңірімізде менталдық ауытқуы бар 400-ге жақын бала тұрады. Мұндай балаларға дамуы үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Сондықтан Петропавлда орталық ашылатын болады. Бұл «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобамыз. Нәтижесінде орталық заманауи жабдықтармен және қажетті жиһазбен қамтамасыз етеді, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Екінші оңалту орталығы Тайынша ауданының Чкалов ауылында ашылмақ. Нысан ерекше күтімді қажет ететін, оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналады. Бұл орталық Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарындағы шамамен 600 балаға қызмет көрсетеді.
Бұған дейін Алматыда биыл ашылған ерте оңалту орталығы 57 балаға көмектескенін жазған едік.