СҚО-да баланы демалыс лагеріне жіберу бағасы қанша

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында осы жазда 65 мыңға жуық оқушының 95% түрлі демалыс түрімен қамту жоспарланған.

СҚО-да баланы демалыс лагеріне жіберу бағасы қанша
Фото: Қостанай облысы Білім басқармасы

Десек те, тек қала сыртындағы демалыс лагерьлері тек 6,2 мың баланы ғана қабылдауға қауқарлы. СҚО білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, шамамен 40 мың оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, сондай-ақ, киіз үйлер, палаткалар лагерьлері құрылып, спорттық секциялар жұмыс істемек.

— СҚО-да он балалар лагері бар, оның біреуі Ақмола облысының аумағында орналасқан. Маусымға әзірлеу үшін 393 млн теңге жұмсалады, оның 25 млн теңгесін сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер бөлді. 30 мамырға дейін лагерьлерде жөндеу жұмысы аяқталуы тиіс, жазғы маусым 6-10 маусым аралығында басталады, — деді Айнагүл Сұрағанова.

Бір маусым 7-10 күн аралығында болмақ. Балалар 5 реттік тамақпен қамтылады.

— Биыл мемлекеттік лагерьге жолдама құны 35 мың теңге, сенімгерлік басқарудағы лагерьде 60 мың теңге тұрады. Облыстың кей шаруашылықтары жылда аудандарындағы оқушыларға лагерьге жолдама сыйлайды. Мәселен, Есіл ауданындағы бір кәсіпкер жылда 200 жолдама сыйлайды. Жалпы көпбалалы отбасыдан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін демалыс тегін. «Қазақстан халқына» қорының қаражатына «Жаздық жолдама» жобасы аясында ауылдық жерден 210 оқушы Ақмола облысындағы «Парус» лагеріне демалысқа барады, — деді басқарма басшысы.

Жазда балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында өңірде биыл да бірнеше ауқымды жоба іске асырылады. Соның бірі — Оқушылар сарайы жанынан ұйымдастырылатын — «Жазғы академия». Балалар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. «Бір күн қалада» жобасы аясында ауыл балаларына Петропавлдың көрнекті орындарына экскурсиялар ұйымдастырылады.

Бұған дейін биыл жазда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала тегін демалатындығын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар