СҚО-да бес жыл бойы күрделі жөнделген шипажай биыл пайдалануға берілмек
Солтүстік Қазақстан облысындағы табиғат аясында орналасқан жалғыз шипажай биыл есігін айқара ашпақ. 2018 жылы басталған күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталуға жақын. Инвестор осы аралықта 600 млн теңге қаржы жұмсады, деп хабарлайды Kazinform.
Ем іздеген, денсаулығын сауықтырғысы келген СҚО тұрғындары қазір көбіне еліміздің басқа өңірлеріндегі санаторийлерді таңдап жүр. Петропавлда бүгінгі таңда осы санатқа жататын екі мекеме бар. Оның бірі «Солнечный» профилакторийі болса, екіншісі – «Транссиб» санаторий-профилакторийі. Емдік қасиеті мол табиғи орындарда орналаспағандықтан, көпшілік олар жайында біле бермейді.
СҚО-да өзінің сұлулығымен, жасыл желегімен, таза ауасымен, емдік қасиеті мол суы және лайымен қазақстандықтар ғана емес, көрші елдердің, соның ішінде ресейліктердің арасында танымал санаторий болған. Қызылжар өңірінің «інжуіне» айналған Шалқар-Имантау курорттық аймағында орналасқан «Нефтянник» деп аталған бұл санаторийдің құрылысы Шалқар көлінің жағалауында 1973 жылы басталып, тек алты жылдан кейін ғана пайдалануға беріледі. 4 га астам аумақты алып жатқан емдеу-сауықтыру орны осы аралықта қолдан-қолға өтті. Мәселен 2000 жылы ол Көкшетау мұнай базасына қарап, атауы «Шалқар Су» болып өзгертілді. 2005 жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі сатып алып, атауын «Арқа» деп өзгертіп, ведомстволық санаторийге айналдырды. Шипажай 2016 жылға дейін министрлікке қарады. Иесі жиі ауысқандықтан дұрыс күтім болмады, осы жылдар ішінде бір рет те күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Шалқар-Имантау курорттық аймағы Қазақстанда туризм дамытылуы тиіс ТОП-10 тізіміне кіруіне байланысты инвестор келіп, тоз-тозы шыққан шипажайды жаңғыртуды қолға алды. Жоспар бойынша былтыр жазда пайдалануға берілуі тиіс еді.
«Шипажайда екі жатын корпусы, лаймен емдеу, асхана, әкімшілік ғимарат, жеке қазандығы мен саунасы бар. Барлық ғимарат сапалы салынған. Ұңғыма, су желісі, орталықтандырылған кәріз жүйесі бар, электр қуатымен қамтылған. Жалпы нысан 120 емделіп-демалушыға арналған. 4 - люкс, 8 – жартылай люкс; 3 орындық 12 бөлме, 2 орындық - 12 бөлме бар. Жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта жаңадан қазандық салынды. Су желісі жаңғыртылып, екі жатын корпусқа жылу трассасы тартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жақында асхана ғимаратына да жылу желісі тартылады», - дейді СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының сауда және туризмді дамыту бөлімінің бас маманы Айя Қасьянова.
Инвестор шипажайды қалпына келтіруге бүгінге дейін 600 млн теңге жұмсаған. Маманның айтуынша, ашылған кезде шипажайда физиотерапия, сумен емдеу, фитотерапия, инемен емдеу сияқты бірқатар ем-дом көрсетілмек. Жоспар бойынша биыл пайдалануға беріледі. Өңірде санаторлық-курорттық емге қажеттілік бар. Былтыр облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы мүгедектігі бар 952 адам тегін демалып, денсаулықтарын шыңдап келген.
«Былтыр санаторлық-курорттық ем алуы үшін мыңға жуық адамға 200 млн теңге қаржы жұмсалды. Олар – дәрігердің осындай ем алуға көрсетілімі бар мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл адамдар 2021 жылы қосылған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту қызметтері мен құралдарын бүгінде өздері таңдап ала алады. Ол үшін қызмет алушының үйінде интернеті және электронды-цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сол сияқты шипажайды да, баратын күнін өзі таңдап, өтініш қалдырады. Тек қандай да бір өзгеріс болып, белгіленген күнге бара алмай жатса, үш күн бұрын ескертуі керек. Тұрғындар Қазақстанның кез келген өңіріндегі шипажайды таңдап, бара алады», - дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектігі бар адамдарды оңалту бөлімінің бас маманы Иван Ржевский.
Маманның айтуынша, биыл бюджеттен осы мақсатқа 242 млн теңге бөлінген. 969 адам санаторлық-курорттық ем ала алады.