СҚО-да бес жылда 100 млн ағаш отырғызу міндеті тұр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кешенді жоспарға сай бес жыл ішінде кемінде 100 млн ағаш отырғызылуы керек. Биыл 4,1 мың аумаққа көшет егу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да бес жылда 100 млн ағаш отырғызу міндеті тұр

СҚО орманшыларының есебінше, өңірде 442,2 мың га аумақты орман алып жатыр. Тек былтыр орман алқабы 2,4 мың га ұлғайды.

Биыл да көшет отырғызу жалғасын табады, бірақ атқарылар жұмыс шамамен екі есеге артпақ.

СҚО бойынша экология департаментінің мәліметінше, өңірде орманды ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Осы аралықта орман қорын 20 мың га ұлғайтып, 100 млн ағаш отырғызу міндеті тұр.

Жоспарға сай 2021 жылы – 850 га, 2022 жылы – 1700 га, 2023 жылы – 4100 га, 2024 жылы – 6350 га, 2025 жылы 7000 га көшет егілуі тиіс. 2021 жылы болжамды көлем 102%, былтыр 111% артығымен орындалды. Нәтижесінде екі жылда 10 млн шамасында ағаш отырғызылды.

2020 жылдың соңында алдағы бес жылды қамтыған СҚО елді мекендерінің маңында жасыл белдеулер құру және көгалдандыру бойынша өңірлік жоспар жасалып, бекітілді. Бұл да нәтиже беріп, 2021 жылы 26,6 млн теңгеге 115 мыңға жуық, 2022 жылы 30 млн теңгеге 100 мыңнан астам ағаш егілді.

Бұған дейін СҚО-да экологиялық қазандықтардың орнатыла бастағанын айтқан едік. Биомассамен жағылатын қазандықтардың екі жылдың ішінде 50-і қойылды. Олар негізінен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды – мектептерді, мәдениет үйлерін, әкімдік ғимараттарын жылытады.