СҚО-да биенің құрғақ сүтін шығаратын кәсіпорын салынып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Биенің саумалын ұнтақталған күйде шығаратын кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Кутузовка деген елді мекенінде орналасады.

Қазір бұл ауылда 5,2 га аумақта құрылыс жүріп жатыр. Жаңа зауыт биыл тамыз айында пайдалануға берілмек.

«Север Агро ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Армантай Әбіловтің айтуынша, нысанның жалпы аумағы 2 мың шаршы метр болады.
— Бұл идея Германияныкі. Шет елде құрғақ сүт шығаратын кәсіпорын бар. Соған қарап, бізде өзімізде сондай зауыт ашуды жоспарладық. Жоба құны 2,5 млрд теңге, соның 1,5 млрд теңгесі «Солтүстік» ӘКК» АҚ арқылы берілді. Бұл — республика бойынша біздің екінші кәсіпорнымыз. Қостанай облысында біздің дәл осындай зауытымыз бар, ол табысты жұмыс істеп жатыр. Өнімге сұраныс жоғары. Қазір өнімді экспортқа дайындап жатырмыз. Германияға, Қытайға жіберу жоспарда бар. Германияда, мәселен біздің өнімді қолданып косметика өндірмек. Қазіргі уақытта құжаттармен жұмыс істеп жатырмыз, — дейді Армантай Әбілов.

Қазіргі уақытта құрылыста 50 адам еңбек етіп жатыр. Қондырғыға тапсырыс берілді, көктемде әкелінеді. Зауыт ашылып, іске кіріскен кезде 15-20 адам жұмысқа алынбақ.
— Саумалдың ағзаға пайдасы өте көп. Бірақ сол пайдасын көру үшін сауғаннан кейін оны 2-3 сағат ішінде ішу керек. Ең басты құрылғы — сублиматор, сауылған сүт пастеризациядан өтеді, кейін төмен температурада оны қатырады. Сосын сүт құрамындағы ылғал жойылып, нәтижесінде құрғақ сүт қалады. Бұл жұмыстың бәрін жаңағы сублиматор атқарады, — дейді Армантай Әбілов.

Биенің құрғақ сүті 100, 200 гр және келілік қаптамада шығарылмақ.
Бұған дейін СҚО-да сиыр мен жылқы терілері іске жарап, одан протеин өндіріліп жатқанын жазған едік.