СҚО-да биыл 100-ге жуық зейнеткер пилоттық жоба аясында қамқорлыққа алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 5 мыңнан астам жалғызілікті зейнеткер тұрады. Оның басым бөлігі – көмекке мұқтаж. Қарттар айлығында өңірде әсіресе тұрмыс жағдайы нашар, мүгедектігі бар егде жастағы адамдар назарға алынбақ.

Зейнеткер
Фото: Pixabay.com

СҚО ардагерлер кеңесінің мәліметінше, қазір облыста 102 мың 456 зейнеткер тұрады. Соның 44 мыңға жуығы Петропавл тұрғыны. 556 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді, сондай-ақ, 14 өңірлік ардагерлер кеңесі бар. 

«Қазіргі уақытта тек 3 соғыс ардагері ғана қалды. Олардың барлығы Петропавлда тұрады, 97, 98 жастағы майдангерлер және біреуі 102-дегі кейуана. 2517 адам – тыл еңбеккері. 10 адам концлагерь тұтқыны, 5 адам – Ленинград құрсауында болған және 101 адам соғыс ардагерлерінің жесірі. 

Бұдан бөлек жалғызілікті 5 мыңнан астам зейнеткеріміз бар.

Қарттар айының негізгі мақсаты – осындай жалғыз өзі тұратын, әлжуаз, тұрмыс жағдайы төмен адамдарға үйлеріне барып көмектесу», - дейді СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов. 

Мерекеге орай биыл өңірде облыстық денсаулық сақтау басқармасымен ашық есік күнін өткізу жоспарланған. Зейнеткерлерді барынша қамтып, денсаулықтарын тексеруге, медициналық көмек алуға жағдай жасалынбақ. Қажет болған жағдайда, медициналық мамандар қарттардың үйлеріне де барады.

«Қарттар айының бір ерекшелігі – егде жастағы адамдарымызға бір сәт назар аудару, неге мұқтаж, анықтап, көмектесу. Мысалы ауылды жерде тұратын зейнеткерлерге не керек, отын-көмір, шөп керек. Мүмкін үйінің маңайын тазалап беру керек шығар. 

Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне бекітілген адамдар бар. Оларға жыл бойына көмек көрсетіліп, назарда ұстап отырамыз. 

Биыл облыс бойынша өте мұқтаж 96 адамды анықтадық. Оларға бір реттік көмек көрсетіп қоймай, өмір бойына қамқорлыққа алып отырмыз. Бұл – пилоттық жоба», - дейді Ескендір Елеусізов.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, зейнеткер немесе ардагер дегенде олардың барлығы көмекке мұқтаж деген пікір қалыптаспауы керек. Сол себепті мерекеге орай түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру да жоспарда бар. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жарыстар да ұйымдастырылмақ.

«Халқымыздың қанына сіңген әдет, ұлттық дүниетаным, ұлттық құндылыққа байланысты үлкендерге құрмет көрсету - ол халқымыздың ең бір жақсы қасиеттерінің бірі. Қазан айында барлығы, әсіресе қызмет істеп жатқан азаматтар ата-анасына, егде жастағыларға қамқорлық көрсетуі тиіс. Соғыс жылдары «Ерен еңбегімен» медалін алған 35 адам Петропавлда тұрады. Қалада мүгедектігі бар 10 мың адам тұрады. 8 мың адам ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алады. Осы адамдарға көмек көрсету біздің азаматтық парызымыз ғой. Мұнымен тек әкімшілік, ардагерлер кеңесі ғана айналыспау керек. Әркім өзінің ата-анасынан бастаса», - дейді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин. 

Бұған дейін СҚО-да жыл басынан бері электр желілерінде 1,2 мыңнан астам апат тіркелгенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар