СҚО-да жыл басынан бері электр желілерінде 1,2 мыңнан астам апат тіркелді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында электр желілері 96,6% тозған. Салдарынан былтыр электрмен қамту желісінде 1,3 мыңнан астам апат тіркелсе, биыл сегіз айда олардың саны 1254-ке жеткен.
Петропавл қаласы мен облыстың сегіз ауданын электр энергиясымен «Солтүстік Қазақстан электржелістік тарату компаниясы» АҚ қамтыса, өңірдің қалған оңтүстік аудандарына «Көкшетау Энерго» ЖШС қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек облыс аумағында жаңартылатын энергия көзі – 7 нысан жұмыс істейді, олар: Сергеев ГЭС-і және «Зенченко және К» КС-нің 4 жел генераторы, «Иван Зенченко» ЖШС-нің 2 жел генераторы.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, өңір бойынша электр желілерінің ұзындығы 23,5 мың км, «Солтүстік Қазақстан электржелістік тарату компаниясы» АҚ бойынша тозу 96,6%, «Көкшетау Энерго» ЖШС бойынша электр желілерінің 80,6% ауыстыруды қажет етеді.
«Қысқы кезеңде үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында биыл екі энергия беруші компания бойынша 1484 км желіні және 230 қосалқы станцияны 5 млрд теңгеге күрделі жөндеу және реконструкциялау жоспарланған, оның 96,5% орындалды.
Желілердің тозуына байланысты электр желілеріндегі апаттар саны артты.
Мәселен биылғы 8 айда жергілікті компания желілерінде 1254 апат, оның ішінде су тасқыны салдарынан 57 апат тіркелді.
«Көкшетау энерго» ЖШС былтыр 345 апат болса, биыл ол 33,3% артып, 460 апат тіркелді. Оның ішінде Тайынша ауданындағы жағдай қиын, жыл басынан бері 230 апат болған», - дейді Данияр Қуанышбаев.
Облысты электрмен қамтуға қатысты мәселені шешу үшін электр желілерін жаңғырту жөнінде іс-шаралар жоспары әзірленген.
«Жоспарда 2027 жылға қарай желінің тозуын 95%-тен 81%-ке дейін төмендету міндеті тұр, ол үшін 150 км электр желілерін ауыстыру арқылы ауылдық электрмен жабдықтау жүйесін жыл сайын жаңғырту жоспарланған.
Жоспарды орындау аясында облыстың жеті ауданында жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге 0,4 кВ әуе желісін салу бойынша 15 жоба әзірленді және «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы бейінді министрлікке жіберілді, алайда бұл жобалар қолдау таппады. Сондықтан қазіргі уақытта 2025 жылға арналған бюджеттік өтінім берілді.
Бұдан басқа, үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін басқарма коммуналдық электр желілерін энергия беруші ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беру жоспарын әзірледі. Облыстың тоғыз ауданы бойынша 100 км желіні беру жоспарланған.
Сондай-ақ, облыс бойынша ұзындығы 6,75 км иесіз электрмен жабдықтау желісі және 6 шағын трансформатор стансасы бар. Бұл мәселе де шешілуі тиіс», - дейді басқарма басшысы.
Бұған дейін СҚО-да республикалық маңызы бар автожолдарды қыста күтіп ұстауға 1,2 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.