СҚО-да биыл 20 адам буллинг үшін жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жастармен кездесіп, буллинг үшін қандай жаза қарастырылғанын ескертіп жатыр.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осындай кездесулердің бірі - Петропавлдағы Қызмет көрсету саласы колледжінде өтті. Іс-шараға ювеналды полиция инспекторлары мен психологтер қатысты.

- Буллингті жастар көбіне тек физикалық күш көрсету деп түсінеді. Қысым көрсетудің ауқымы кең, ол - заттарды бүлдіру, бойкот жариялау, өсек тарату сияқты әрекеттер арқылы да жүзеге асады.
Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жүзеге асатын кибербуллинг мәселесіне де ерекше назар аударған жөн, - дейді мамандар.
Полицейлердің сөзінше, кейбіреулерге әзіл болып көрінетін әрекет, шын мәнінде, ауыр салдарға соқтыруы мүмкін. Сондықтан жүйелі түрде қорлау мен кемсіту фактілері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер құқық бұзушы 12 мен 16 жас аралығында болса, айыппұл ата-анасына салынады.

Ал 16 жастан бастап адам өзі жауап береді, ескерту жасалып, айыппұл салу жазасы қолданылады. Мұндай факті адамның болашақта жұмысқа орналасуына да кедергі келтіруі ықтимал.
СҚО Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде буллинг фактілері бойынша 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұған дейін «111» байланыс орталығына балалар көбіне қандай мәселелермен хабарласқанын жазған едік.
Естеріңізге салайық, Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске қосылды.