СҚО-да биыл 26 жасөспірім қыз босанды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірім қыздардың жүкті болып қалу фактілері шамамен екі есе азайған.

СҚО-ның штаттан тыс акушер-гинекологы Елена Калюжнаяның айтуынша, бұл – облыста жасөспірімдермен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмысының нәтижесі.
- Биыл өңірде шамамен 4 500 әйел босанды. Оның ішінде 26-сы жасөспірім. 2023 жылы 46 қыз жүкті болған еді. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін дәрігерлер ата-аналармен және білім басқармасымен бірге жұмыс істеп келеді, - дейді Елена Калюжная.
Маманның айтуынша, облыста 2 мың аборт жасалды. Олардың ішінде 500 жағдай — медициналық көрсеткіштерге байланысты. 30 жастан асқан әйелдер арасында жүктілікті жасанды жолмен үзу саны – 1 300. Жасөспірімдер арасында 8 адамға аборт жасалған. Бұл - 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе төмен.
- Облыс аумағында 13 аудандық аурухана, емхана, 6 қалалық емхана, сондай-ақ көпбейінді облыстық аурухана мен жедел медициналық көмек ауруханасы жұмыс істейді. Барлық емханада отбасын жоспарлау кабинеттері бар. Бұл кабинеттерде жасөспірімдер мен ауыр экстрагенитальды патологиямен тіркелген әйелдерге тегін контрацепция құралдары беріледі. Сонымен қатар жасанды түсіктен кейінгі кеңес беру қызметтері де тегін ұсынылады, - дейді акушер-гинеколог.
Бұған дейін елімізде әр алтыншы отбасында бедеулік мәселесі бар екенін жазған едік.