СҚО-да биыл 600-ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып, 5 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды. 

Интернет алаяқтық
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғынға WhatsApp мессенджері арқылы өзін «Egov қызметкері» деп таныстырған адам қоңырау шалып, біреулердің оның жеке кабинетін бұзғанын хабарлаған. Деректерді «нақтылау» және банк қосымшаларына кіруді қалпына келтіру сылтауымен sms-хабарлама арқылы келген кодты айтуын талап еткен.

Кейін жәбірленушіге өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам бейнеқоңырау арқылы хабарласып, әртүрлі банктерде оның атына несие алуға өтінімдер берілгенін айтқан. Операцияны болдырмау үшін ер адамға өз атына дәл сондай несиелер рәсімдеп, алынған қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін түсіндірген. Алаяқтардың талаптарын бұлжытпай орындаған петропавлдық 5 млн теңгеден астам қаражатынан айырылды.

— Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Ұрланған қаражат түскен дропперлердің есепшоттары бұғатталды, полиция олардың иелерін анықтау үстінде. Бұл жәбірленушіге келтірілген залалды сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндік береді, — дейді полиция қызметкерлері.

Жыл басынан бері СҚО-да интернет-алаяқтықтың 563 дерегі тіркелді, олардың 407-сі несие рәсімдеумен байланысты.

— Ешбір ресми тұлға сізден қаржылық операциялар жасауды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты көрсетілген есепшотқа аударуды талап ете алмайды. Sms арқылы келген кодты айтуды немесе ақша аударуды сұрағандардың барлығы — алаяқ.

Сондай-ақ Egov порталында несиелерден ерікті түрде бас тарту қызметін пайдаланған жөн. Бұл интернет-алаяқтықтан қорғанудың сенімді тәсілдерінің бір, — дейді тәртіп сақшылары.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта СҚО-да 255 мыңнан астам адам, яғни СҚО тұрғындарының шамамен 53,5% осы қызметті пайдаланып, несие алуға шектеу қойды.

Бұған дейін Жамбыл облысында интернет алаяқтық екі есеге өскенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар