СҚО-да биыл 670 шақырым жол жөнделеді

құрылыс
Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 670 км жол жөнделмек, бұл – облыстық, аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдар.

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың басшылығымен әкімдік отырысы өтіп, өңірдегі жолдарды жөнге келтіру мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының нормативті жағдайдағы автожолдардың үлесін 95% жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында облыста кешенді шаралар қолға алынған.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл тас жолындағы Салқынкөл ауылы маңындағы көпір құрылысы жүріп жатыр, Андреевка-Бостандық, Покровка-Ильинка-Мектеп, Дәуіт-Ленинградское ауылдары арасындағы жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Саумалкөл мен Новоишимское ауылдары арасында да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ленинградское-Алқатерек және Григорьевка-Токуши жолдарын жөндеу аяқталған.

Сондай-ақ ұзындығы 95 шақырымды құрайтын 8 жаңа жобаны жүзеге асыру басталды, ол: Имантау ауылындағы көпірді күрделі жөндеу, Смирново-Қиялы, Горьковское-Восходское, Покровка-Горное, Қарақоға-Надежка, Меңкесер-Раздольное, Кривощеково-Садовка жолдарын күрделі жөндеу, Новомихайловка-Бостандық жолын ағымдағы жөндеу жұмыстары.

СҚО
Фото: СҚО әкімдігі

Республикалық маңызы бар жолдардың биыл 385 км жөнге келтірілмек. Дәуіт пен Талшық ауылдары арасындағы және Кішкенекөл ауылына баратын жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақмола облысының шекарасынан бастап Бескөл ауылына дейінгі 7 учаскеде Жезқазқан-Петропавл республикалық жолын орташа жөндеу жалғасқан. Мамлютка-Қостанай республикалық тас жолы да жаңартылады, мұнда 10 учаске жөнделмек.

Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне барлық процедураларды жеделдетіп, жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізуді, жолдарды жөндеу сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі жұртшылықты жол жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап, жіберілген барлық кемшіліктерді есепке алуға шақырды.

Бұған дейін Үкімет Нұра топтық су құбырын реконструкциялауға резервтен 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар