СҚО-да биыл 85 адам туберкулез жұқтырды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында туберкулез жұқтыру көрсеткіші 15% төмендеді.

СҚО-да биыл 85 адам туберкулез жұқтырды
Фото: СҚО фтизиопульмонология орталығы

СҚО фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, өңірдің туберкулезге қарсы қызметі мен Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының сарапшылары бірінші жартыжылдыққа мониторинг және бағалау жұмыстарын жүргізді. Былтыр осы аралықта жаңадан 101 адамға диагноз қойылса, биыл 85 жағдай тіркелген. 

Балалар мен жасөспірімдер арасында да оң өзгеріс бар. Өткен жылы 15–17 жастағы балалардың алтауы ауырса, биыл осы жастағы бір балада ғана дерт анықталған. 

Мамандардың айтуынша, туберкулезді неғұрлым ерте анықтаудың маңызы зор. Сол себепті тәуекел тобына жататын 43,5 мыңнан астам адамды биыл флюорографиялық тексерістен өткізу жоспарланған. Бұл міндет артығымен - 104 % орындалып, 45 мыңнан астам тұрғын тексерілді. 

Профилактика бағытында да ілгерілеушілік бар: екі мыңға жуық бала БЦЖ вакцинациясымен қамтылып, сырқаттармен байланыста болған 5 жасқа дейінгі балалардың 64% профилактикалық ем алды, бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда едәуір жоғары. 

Бұған дейін СҚО-да жарты жылда 22 мың ауыл тұрғыны мобильді медкешен арқылы тексерілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар