СҚО-да биыл балаларды профилактикалық қарап-тексеруге 495 млн теңге бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл балаларды аудиологиялық скринингтен өткізуге, 5 жасқа дейінгі балаларды және мектептерде оқушыларды профилактикалық тексеруге 495 млн теңге бөлінді.

Алматыда скринингтік тексеруден өткен 207 адамнан қатерлі ісік анықталды
Фото: turantimes.kz

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, қазіргі медицинада аурудың алдын алу маңызды. Елімізде балалардың денсаулығына ерекше назар аударылып, дені сау ұлт қалыптастыруда қажетті іс-шаралар қолға алынған.

«Біріншіден, отбасын жоспарлау бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Екіншіден, жүкті әйелдердің пренатальды скринингі 3 рет жүргізіледі, бұл ұрықтың патологиясы мен кемшіліктерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, перзентханада жаңа туған нәрестеге неонаталдық скрининг жүргізіледі. Бұдан басқа, педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес балалардың аурушаңдығының, мүгедектігінің және өлім-жітімінің алдын алу, төмендету бойынша жұмыс жүргізіледі», - дейді Айнагүл Давлетчина.

Балалар жеңілдікті санаттардың біріне кіргендіктен олар үшін 18 жасқа дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Биыл МӘМС жүйесінде скринингтер мен профилактикалық тексерулерді жүргізуге СҚО-ға 495,4 млн теңге қарастырылған, оның ішінде аудиологиялық скринингке – 124 мың теңге, 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге – 30 562 мың теңге, мектеп медицинасы аясында профилактикалық тексеруге – 464 674 мың теңге бөлінді.

«Жаңа туған нәрестелерге және 6 жасқа дейінгі балаларға аудиологиялық скрининг жүргізіледі. Бұл баланың есту қабілетінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік беретін стандартты тексеру. Ол екі кезеңде жүзеге асырылады – бала өмірінің алғашқы үш күнінде тікелей перзентханада және емханадағы баланы дамыту кабинеттерінде белгілі бір жастағы балаларға жүргізіледі. Учаскелік медбике ата-аналармен байланысып, белгіленген мерзімде скринингтен өтуге шақырады.

Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу бойынша шаралар қабылданады. Егер құлақ мүкістігі немесе кереңдік қаупі туындаса, онда баланы одан әрі тереңдетіп тексеру үшін сурдологиялық кабинеттерге, сондай-ақ психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жібереді», - дейді филиал басшысы.

Маманның айтуынша, мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының он сегіз жасқа толмаған оқушылары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өтеді. Оны білім беру ұйымына бару арқылы емхана мамандары жүргізеді. Егер мектепке дейінгі жастағы бала балабақшаға бармаса, онда ол бекітілген емханасында алдын ала тексеруден өтеді.

Бұған дейін биыл әлеуметтік төлемдер мөлшері 18,3% артқанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар